Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында өңірдің проблемаларын шешуге қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзінше, Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс.
Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн. Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар. Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Тоқаев атап өткендей, қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар.
Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді, - деп тапсырды Тоқаев.