Президент алғаш рет екі нәзік жандыны ерекше құрметті атақпен марапаттады

7 Наурыз 2025, 13:00
830
Бөлісу:
Президент алғаш рет екі нәзік жандыны ерекше құрметті атақпен марапаттады
PHOTO
Фото: Ақорда

Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтау барысында әйелдердің лауазымды қызметтерді жауапкершілікпен атқарып жүргенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. 

Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Көптеген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес, - деді Тоқаев. 

Президент алғаш рет екі нәзік жандыны ерекше құрметті атақпен марапаттады


Оның айтуынша, қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр.

Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер, - деп атап өтті Президент.

Президент бүгінгі жиын барысында "Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы", "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" құрметті атақтары алғаш рет табысталды.

Әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді, - деп нақтылады Президент.

Биыл елімізде – "Жұмысшы мамандықтары жылы". Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады.

"Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы" атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі.

Президент алғаш рет екі нәзік жандыны ерекше құрметті атақпен марапаттады

Ал өндіріс озаты Майра Ерманова "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" атанып отыр.

Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы, - деп тоқталды Тоқаев.

Жиын соңында Президент түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекке жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды.

Президент алғаш рет екі нәзік жандыны ерекше құрметті атақпен марапаттады
Өзгелердің жаңалығы