Президент Әкімшілігінің басшысы су тасқыны салдарын еңсерудегі бірнеше факторды атады

10 Мамыр 2024, 21:00
576
Бөлісу:
Президент Әкімшілігінің басшысы су тасқыны салдарын еңсерудегі бірнеше факторды атады
Фото: скрин

Президенті Әкімшілігінің басшысы су тасқыны салдарын еңсерудегі бірнеше факторды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев республикалық телеарнаға сұқбат беріп, тасқынның салдарын еңсерудегі маңызды бес факторды атап өтті. Оның айтуынша, қазір тасқынның салдарымен күресу, оның зардабын жоюмен қатар алдағы уақытта мұндай апаттарды болдырмаудың қамын жасау өте маңызды.

Біріншіден, бұл соңғы 80 жылда болмаған табиғи апат. Шындығына келсек – отыз жыл ішінде бізде ғылыми сараптама және болжам жасау жүйесі, оның ішінде апаттарды болжау және олардың алдын алу жүйесі қараусыз қалған. Ирригациялық инфрақұрылым жүйесі ескірген. Мемлекет басшысы осыған қатысты еліміздің 11 аймағында 20 жаңа бөген салуға, 15-ін күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылдады. Барлық апат түрлеріне байланысты ғылымның үлесін көбейту, қатердің алдын алу, болжам жұмыстарына ден қоюымыз керек. Екіншіден, қазір Жер шарының әр түкпірінде климат өзгеруінің салдарынан түрлі табиғи апаттар жиілеп кеткенін ескеріп, біз де кез-келген табиғаттың тосын қылығына дайын болуымыз керек. Осы орайда, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мәселелерімен айналысатын арнайы ведомство құрылғаны өте маңызды. Үшіншіден, Президент өзі айтқандай, бұл – су шаруашылығын қайта құру, яғни алапат тасқынның салдарын ескеріп, бұған дейін жіберілген кемшіліктерді жою, оларды қайталамас үшін қажетті шешімдерді қабылдау. Қазір бұл бағытта тасқын мен құрғақшылық мәселелерін реттейтін Су кодексінің жобасы дайындалуда. Бұған қоса, төтенше жағдайларға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленуде, - деді Дәдебаев.

Айбек Дәдебаевтың айтуынша, төртінші фактор - бұл зардап шеккен азаматтарға көмек беру механизмдерін жетілдірілу және осы жұмыстарды бақылауда ұстау. Бесінші фактор ретінде ол қиындыққа қарсы жұмылған халықтың ынтымақ-бірлігін атады.

Біз бір ел, бір жұрт болып қандай да қиындыққа қарсы тұра алатынымызды, бірлігіміз жарасқан ел екенімізді тағы көрсете алдық. Апаттың алдында барлық аймақтың тұрғындары бір үйдің баласындай бірікті. Елде қайырымдылық мәдениеті қалыптасты. Тасқын жүрген аймақтарға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 50 мыңнан астам ерікті көмекке келді. Олардың көмегімен қарапайым тұрғындардан 10 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды, - деп түйіндеді сөзін Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев.

Өзгелердің жаңалығы