Әлихан Смайылов ең алдымен мемлекеттен қолдау алып, 1 700 га жерде заманауи суару технологияларын қолдана отырып, картоп өсірумен айналысатын «AgroTrade PV» ЖШС шаруа қожалығына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет баспасөзінің мәлімдеуінше, кәсіпорында қуаттылығы 10 мың тонна көкөніс қоймасы салынған, сондай-ақ қазіргі уақытта жылына 10 млн тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр.
Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 11 млрд теңге болды, оның 7,6 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша жеңілдікпен несиелендіру және 2,7 млрд теңгесі субсидиялау есебінен салынды. Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Үкімет басшысы мұндай жобаларды басқа өңірлерде де іске асыру қажеттігін атап өтті.
Қазіргі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінің шиеленісуі және тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында бүкіл әлемде заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керек. Мұндай жобаларды басқа өңірлерде де қолға алу қажет деп санаймын. Мемлекеттік қолдау арқасында бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек, — деді Премьер-Министр.
Осы жерде Әлихан Смайылов өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, онда тұқым өсіру шаруашылығын субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералдық тыңайтқыштарды сатып алу, мал шаруашылығын дамыту және құс шаруашылығын қолдау мәселелері көтерілді.
Үкімет басшысы көтерілген әрбір мәселе бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, облыс басшылығына оларды бақылауда ұстауды тапсырды.
Одан кейін Премьер-Министр жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін Қазақстан электролиз зауытының қызметімен танысты.Бұл зауыт өнімді ішкі нарыққа бағыттайды, сондай-ақ Түркия, Нидерланды, Бразилия, АҚШ, Италия, Болгария, Польша, Норвегия және басқа да бірқатар елге экспорттайды.
Кәсіпорында Әлихан Смайылов ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен кеңес өткізді.
Кездесуде заманауи өндіріс технологияларына көшу, қоршаған ортаны қорғау, атмосфераға шығарындыларды азайту және атмосфералық ауаның сапасына автоматты түрде мониторинг жасау жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр ірі кәсіпорындармен бірлесіп, Павлодар қаласының айналасында «Жасыл белдеу» құру мәселесін пысықтау қажет екенін, бұның қаланың экологиясын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан кейін Үкімет басшысы әр жылдары «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдауға ие болған архитектуралық шыныпакеттер мен шыныдан жасалған интерьер заттарын шығаратын «Стекломир» ЖШС кәсіпорнына барды. Компания өнімдері ішкі нарықта және көрші мемлекеттерде сатылады.
Әлихан Смайылов құрылыс саласын дамыту аясында құрылыс материалдарына қажеттілік артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет осы өндірістік бағытты барынша қолдауға әзір.