Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан Республикасы Үкіметінің делегациясы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысу үшін Минск қаласына келді, деп жазды Үкіметтің ресми сайты.
Шараға Арменияның Үкімет басшысы Никол Пашинян, Беларусь Үкіметінің басшысы Роман Головченко, Қырғызстанның Үкімет басшысы Акылбек Жапаров, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович және т.б. қатысады.
Шағын және кеңейтілген құрамда өтетін кеңес отырыстарында Еуразиялық экономикалық одақтың біріктірілген ақпараттық жүйесін дамыту, тауарларды таңбалауды жүргізу, алкоголь нарығын реттеу және электрондық сауда кезінде салық салу мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, отырысқа қатысушылар «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ЕАЭО-ның көлік инфрақұрылымын дамытуды, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларындағы кооперацияны, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйін және басқа да бірқатар мәселені талқылайды.
Отырыс қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді бекітетін көп жақты құжаттарға қол қойылмақ.