Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-лиганың 15-турында «Астана» мен «Қайрат» тағы сүрінді. Есесіне, «Тобыл» мен «Ордабасы» күш алып келеді. Жалпы, бұл турда алты ойынның төртеуі тең аяқталды.
Қостанайдың «Тобыл» командасы өз алаңында «Оқжетпесті» жеңді. Матчтағы екі гол да екінші таймда соғылды. Алдымен, есепті Сенин Себаи ашты. Біраз уақыт тамақтан уланып алаңға шыға кеткен африкалық шабуылшы премьер-лигадағы екінші голын кіргізіп отыр. Ал матчтың нүктесін команда капитаны Азат Нұрғалиев қойды.
Айтпақшы, «Тобыл» ел чемпионы «Астананы» қуып жетті. Сонымен қатар, Қостанай командасының екі ойыны кем. Егер сол матчтарды ұтатын болса, таза бірінші орынға көтеріледі.
«Тобыл» (Қостанай) – «Оқжетпес» – 2:0
Голдар:Себаи ,58 (1:0).Нұрғалиев, 69 (2:0).
Қызылордада «Қайсар» мен «Тараз» тең тарқасты. Матчтың 5-минутында Куле Мбомбо есепті ашқан. Алайда, алаң иелерінің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Үзіліске дейін Абазл Таубай жауапты голды соқты.
Екінші таймда таблода өзгеріс болмады. Екі команда 1 ұпайға қанағат білдірді.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тараз» (Тараз) – 1:1
Голдар: Мбомбо, 5 (1:0). Таубай. 30 (1:1).
«Қайраттың» биыл шамасы тек екінші алтылықтағы командаларға жетіп жүр. Өзімен деңгейлес командаларды ұту Шпилевский шәкірттері үшін қиын соғып жүргені жасырын емес. Бұл жолы Алматы командасы өз алаңында «Жетісумен» тең түсті. Матчта есеп ашылған жоқ. Бірінші айналымда «Жетісу» Талдықорғанда ірі есеппен ұтқан болатын. Соның есесіне қайтара алмады. Оның үстіне, премьер-лиганың үздік сұрмергені Адеринсола Эсеола сары қағаздарының санына байланысты ойынға қатыса алмады. Негізгі құрамда алаңға шыққан Мартон Эппель сенімді ақтамады.
«Әрине, үш ұпай алмағанымызға қапалымыз. Қарсыластың шама-шарқын жақсы білеміз. Бірінші айналымда Талдықорғанда 0:3 есебімен жеңілгенбіз. Есе қайтаруды көздедік, бірақ болмады. Бірінші таймға көңілім толған жоқ. Екінші кезеңде ойын ширай түсті. Алайда, үш ұпай алатындай ойын көрсете алмадық. Тең есеп – әділетті болды деп санаймын. Енді, келесі аптада «Астанамен» қиын ойын күтіп тұр», – дейді «Қайрат» бапкері Алексей Шпилевский.
«Қайрат» (Алматы) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:0
Тағы бір тең аяқталған және есеп ашылмаған кездесу Павлодарда тіркелді. «Ертіс» өз алаңында «Шахтерді» қабылдаған. Бірінші айналымда елордада «Шахтер» бұл командаға жауапсыз 4 гол соққан. Бұл жолы екеуі де сақ ойнады. Сөйтіп, бір ұпайға қанағат білдірді.
«Өте жақсы ойын болды. өкінішке қарай, жанкүйерлер гол көре алмады. Өйткені, шабуылды түйіндейтін адам табылмады. Алаң ортасында талас-тартыс көп болды. Мен өз командамның ойынына көңілім толады. Олар жеңіске жету үшін бар күштерін салды. Кездесу соңына қарай, екі жақсы мүмкіндігіміз болған. Соны пайдаланғанда үш ұпай алатын едік. Ал қарсылас шабуылда ештеңе көрсете алмады», – дейді «Шахтер» бапкері Николай Костов.
«Ertis» (Павлодар) – «Шахтёр» (Қарағанды) – 0:0
Жақында Қазақстан кубогының финалына шыққан «Атырау» премьер-лиганың аутсайдер командасын жеңе алмады. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Ойындағы екі гол да бірінші таймда соғылды. Кездесудің 18-минутында Ардақ Сәулет «Ақтөбені» алға шығарған. Дегенмен, алаң иелері үзіліске дейін есепті теңестірді. Қорғаушы Қуаныш Қалмұратов бұрыштама добынан тіке теуіп кіргізді.
«Ақтөбе» минустарынан біртіңдеп шығып келеді. Енді, бір ойынды ұтып, біреуін тең түссе, 0-ге теңеседі.
«Атырау» (Атырау) – «Ақтөбе» – 1:1
Голдар: Сәулет,18 (0:1).Қалмұратов, 44 (1:1).
Бұған дейін бірінші айналымда «Астана» мен «Ордабасы» кездескенде Шымкент командасы жартылай қосалқы құраммен ойнауға мәжбүр болған. Оған себеп, «Астанадан» жалға алынған 3-4 футболшының өзара кездесуде матчқа қатыспау керек деген келісімі болған. Ал бұл жолы солардың бәрі ойнады. Онымен қоймай, «Ордабасы» жеңіп кетті.
Роман Григорчуктың командасы биыл жиі ұпай жоғалтып жүр. Еурокубоктың алдында команданың ала-құла ойнауы жанкүйерлерін алаңдатыны сөзсіз.
«Жалпы, біз жақсы ойнадық деп айта аламын. Өкініштісі, өте өрескел қателіктер жіберіп, қарсылас жазамызды берді. Мен қатты қапталандым және командамның осындай қателіктер жібергеніне таңқалып отырғанымды жасырмаймын. Бізге трансферлік терезе ашылған соңғ, кемі екі футболшы алу керек. Біз онсызда кешігіп қалдық. Кез келген ойыншыны командаға қосу үшін дайындау қажет. Дегенмен, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің алдында жаңа ойыншы алу өте маңызды», – дейді Роман Григорчук.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Астана» (Нұр-Сұлтан) – 3:2
Голдар: Төлебек, 28 (1:0). Механович, 36 (2:0). Томасов, 44 (2:1). Жаңғылышбай, 47 (3:1). Мұртазаев, 74 (3:2).