Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Достық үйінде қазақ кинематографиясы мен кино бірлестіктері басшыларының қатысуымен кино өнерінің өзекті мәселелері қаралып жатыр.
"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыспен түсірілген кино ғана емес, елдің жетістігі мен кемшілігін баяндай білетін фильмдерге де мемлекеттен қаржы бөлінеді.
Халықаралық фестивальдерде керемет еліміз бар екенін көрсете білген фильмдерге де қаржы бөлінеді. Оған мемлекет тарапынан қолдау жасалып, жан-жақты ойластырылған сапалы өнім болып шығуы керек, - деді ол.
Сондай-ақ, ол кез-келген шығарманы қолдауға дайын екенін айта келе мемлекеттен қаржы сұрағанда бағаны аспандатпауға шақырды.
Кино түсіру жұмысы оңай емес. Бәрімізге өмір сүру керек, алайда бұл ақша бюджеттікі, өзіміздің балаларымыздың қаражаты. Сондықтан сметаны дайындағанда дұрыстап есептегеніміз жөн, - деді Гүлнар Сәрсенова.
Сөз арасында ол қазір еліміз бойынша 91 кинотеар жұмыс істеп тұрғанын айта келе Қазақстан үшін бұл өтке төмен көрсеткіш екенін жеткізді.
1988 жылы Кеңестік Қазақстан аумағында 12 мың кино орны жұмыс істеген. Оған шопандарды аралап жүріп кино көрсететін жылжымалы кинобуткалар да кіреді. Ол кезде кино үгіт-насихат құралы еді. Қазір прокаттағы кинолар арасында ұлттық кино үлесі өте аз, сондықтан осы бағытта жұмыс істеуіміз керек, - деді Гүлнар Сәрсенова.