«Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол көлігінде қауіпті және тыйым салынған заттарды тасымалдауға болмайтынын еске салды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, осындай заттарды пойызға апару қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сонымен пойызға тасымалдауға тыйым салынған заттар қатарына мыналар кіреді:
- Жарылғыш заттар мен құрылғылар, соның ішінде салюттер мен фейерверктер;
- Радиоактивті, есірткілік және психотроптық заттар, сондай-ақ тез тұтанатын сұйықтықтар мен химиялық қоспалар (мысалы, бензин, метанол);
- Тұтанғыш қатты заттар, улы және уландырғыш заттар;
- Инфекциялық немесе биологиялық қауіпті материалдар;
- Қару-жарақтың барлық түрі, соның ішінде атыс, суық (пышақ, қанжар, қылыш, кастет), газды және травматикалық қарулар;
- Оқ-дәрілер мен патрондар, соның ішінде аңшылыққа арналған снарядтар.
Сапар алдында жолаушылар вокзалдарда міндетті қауіпсіздік тексеруінен өтеді. Қазақстанның ірі теміржол вокзалдары рентген-телевизиялық қондырғылар, металл детекторлар және портативті анықтау құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ бейнебақылау, дабыл беру және күзет жүйелері 24/7 режимінде жұмыс істейді.
Пойыздардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Тальго пойыздарының 630 вагонына 1 350 бейнекамера орнатылған, ал 46 мейрамхана және бар-вагонға қосымша 92 камера іске қосылды. Барлық бейнематериалдар Ситуациялық орталыққа тікелей түсіп, мамандар төтенше жағдайларды жедел бақылап, тиісті шара қабылдайды, - деп ескертті компания.
Бұған дейін 2026 жылғы пойыз билеттерінің бағасы жайынды жазып едік.