Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жыл қорытындысына арналған брифинг барысында пойыздарда және Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында интернет іске қосу жоспарлары туралы айтып, жобаның басталу мерзімдерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, көлікте интернетті енгізу жұмыстары келесі жылдан бастап басталмақ.
Air Astana ұшақтарында және "ҚТЖ" пойыздарында интернет келесі жылдан бастап пайда бола бастайды. Біздің бағалауымыз бен жоспарымыз бойынша, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында пойыз жолаушыларының шамамен 50 пайызы спутниктік интернетке қол жеткізе алады. Ал келесі жылдың қазан айынан бастап Air Astana әуе компаниясының кейбір ұшақтарында спутниктік интернетке қосылу мүмкіндігі болады, – деді министр.
Оның сөзінше, спутниктік интернет технологиялары бүгінде қолжетімді, алайда қазақстандық әуе компаниялары оны әзірге қолданбай отыр. Ал Қазақстанға рейс орындайтын бірқатар шетелдік тасымалдаушылар, оның ішінде Turkish Airlines, бұл қызметті бұрыннан ұсынып келеді.
Министр Air Astana компаниясы қажетті жабдық орнатылғаннан кейін әуе кемелерінде интернетті енгізуді бастауды жоспарлап отырғанын айтып, жобаның жүзеге асу мерзіміне оң баға беретінін жеткізді.