Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 ақпан күні Арыс-2 станциясындағы Желілік полиция бөлімшесіне «Петропавл-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызының бригадирі жоғарыда аталған пойыздың жолсеріктерінің бірі жол жүру барысында қоғамдық тәртіпті бұзғандығы және полиция қызметінің қажеттігі туралы өтініш айтып, арызданған.
Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бригадирдің айтуынша, оның әріптесі жұмыс орнында алкогольді ішімдік ішкен, өзін дұрыс ұстамаған, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан, осылайша қоғамдық тәртіп пен жолаушылардың тыныштығын бұзған.
Тексеру барысында көлік полицейлері Қызылорда облысының 26 жастағы тұрғынын анықтады. Пойыз бастығының актісі негізінде құқық бұзушы пойыздан түсірілді. Жолсерік «орташа» дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болып шықты. Бұны медициналық тексерудің қорытындысы растады. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы, яғни алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы, яғни тыныштықты бұзу, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы ұсақ бұзақылық бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылды, – делінген хабарламада.
Алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін, сондай-ақ тыныштықты бұзғаны үшін оған 10 АЕК (29 170 тенге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының шешімімен оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.