Дәстүрлі түрде жолаушылар жазғы демалыс кезінде пойызбен Алакөл, Балқаш көлдері, Каспий теңізі, сондай-ақ, Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент қалалары және Бурабай курорттық аймақтарына жиі қатынайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пойызбен саяхаттау – бұл ыңғайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз қозғалыс тәсілі.
Танымал туристік бағыттардың бірі - Алакөл көліне биыл Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан, сондай-ақ, алғаш рет Қызылордан 12 бағыт бойынша пойыздар қатынайды. Он бағыт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары, екі бағыт бойынша - жеке тасымалдаушылар құрамы жүретін болады. Пойыздарда ұсынылған орындардың саны өткен жылмен салыстырғанда 16 мыңға өсіп, туристік маусымда жолаушылардың ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін 270 мың орынды құрайды. Ұлттық тасымалдаушы өз пойыздарын ауаны баптау жүйесімен жабдықталған вагондардан қалыптастыратын болады.
Балқаш көліне жету үшін 7 түрлі бағыт бойынша пойыздар қатынайды.
Сондай-ақ Бурабай курортына да ыңғайлы маршруттарды таңдауға болады, онда пойыздар 14 бағыт бойынша жүреді.
Түркістанға пойыздар 16 бағыт бойынша қатынайды.
Ақтауға пойыздар 6 бағыт бойынша жүреді, соның ішінде Маңғыстау-Семей бағыты ең ұзын маршрут болып есептеледі.
№37 жолаушылар пойызы Қазақстанның Батысы мен Шығысын байланыстырады. Пойыз жолда 128 сағат жүріп, 50 станция мен 3,2 мың қашықтықты еңсереді.
Астана қаласына 37 маршрут бағытталған. Бұл елімізде ең көп теміржол маршруттары болып саналады. Ай сайын бұл маршрутпен 1 миллион жолаушы, оның ішінде жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тасымалданады.
Оңтүстік қалаларға Алматыға 29 бағыт және Шымкентке 20 бағыт бойынша пойыздар жүреді.
Жазғы кезеңде Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен 4,2 млн-нан астам жолаушыны тасымалдау жоспарлануда. Теміржол билеттерінің бағасы қашықтыққа және вагондардың класына байланысты есептеледі. Мәселен, ең танымал бағыттардың бірі №204/203 «Шымкент-Астана» пойызына билет бағасы плацкарт үшін 10 421 теңге, купе үшін 15 824 теңге. Қаламаңы бағытындағы №7507/7508 «Астана-Бурабай курортына» билет бағасы бір орын үшін 2 307 теңгені құрайды.
Қосымша жолаушыларға пойыздан пойызға ауыса отырып, қажетті қалаға жетуге мүмкіндік беретін «Сапарда ауысып отыру» қызметі де ұсынылады. Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерді ертерек сатып алуды сұрайды. Билеттер болмаған жағдайда жолаушылар билеттерді сату сайтында немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында «Күту парағы» тегін қызметін пайдалана алады.