Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі биыл 1 сәуірден бастап өзгеретініне байланысты Ақмола облысында күрделі жағдай туындап отыр. Бұл туралы сенатор Талғат Жүнісов депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе «Ақкөл» мен «Жақсы» станцияларында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша аялдамаларды алып тастау жөніндегі шешімге байланысты өрбіген.
Депутаттың айтуынша, «Ақкөл» станциясы тек Ақкөл ауданының тұрғындары үшін ғана емес, Степногорск қаласы мен маңайдағы елді мекендер үшін де негізгі көлік қатынасының торабы саналады. Жалпы алғанда, бұл бағыт арқылы 100 мыңнан астам адам қатынайды және олардың қозғалысы көбіне теміржол көлігіне тәуелді. Көпшілік үшін пойыз – қатынастың басты әрі қолжетімді түрі.
Сенатор Жақсы ауданындағы жағдайға да айрықша тоқталды. Енді жолаушылар пойыздары бұл станцияға тоқтамай өтіп кетеді. Шамамен 16 мың тұрғыны бар өңірде студенттер, зейнеткерлер, түрлі ем қабылдап жүрген азаматтар мен басқа да тұрғындар өзге аймақтарға қатынау үшін теміржолды тұрақты пайдаланып келген.
Жолаушылар пойыздарының аялдамаға тоқтамай өтіп кетуі өңірдегі көлікпен тасымалдың шектелуіне, халыққа қаржы ауыртпалығының ұлғаюына және азаматтардың медициналық, білім беру және өзге де әлеуметтік маңызы бар қызметтерді алу мүмкіндігінің азаюына әкеледі, - деп атап өтті Талғат Жүнісов.
Сенатордың пайымдауынша, бұл шешім қазірдің өзінде қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып, өңірдегі әлеуметтік ахуалдың шиеленісуіне әсер еткен. Осыған байланысты ол аталған станцияларда жолаушылар пойыздарының аялдамаларын сақтап қалу мүмкіндігін жан-жақты қарастыру қажет екенін атап өтті.