Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы жолаушылардан жол жүру құжатын (билет) қайтару мәселесіне қатысты өтініштерге байланысты темір жол билеттері қалай қайтарылатынын түсіндірді.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығымен бекітілген "Темір жол көлігімен жолаушылар, жүк пен почта жөнелтілімдерін тасымалдау" ережесіне сәйкес қайтарылады – делінген хабарламада.
Осы ережеге сәйкес жол жүру құжаты (билет):
- пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешікпей қайтарылса, жол жүру құны толық төленеді;
пойыздың жөнелтілуіне 24 сағаттан аз уақыт қалғанда, бірақ пойыз жөнелтілгенге дейін 6 сағаттан кешікпей қайтарылса, билет құны және плацкарт құнының 50% төленеді;
- пойыздың жөнелтілуіне 6 сағаттан аз уақыт қалғанда және пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағаттан аспай қайтарылса, билет құны төленіп, плацкарттың барлық құны ұстап қалынады, бірақ ол жол жүру құнының 30%-нан аспауы тиіс.
Пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағат өткен соң жол жүру құжаттары (билеттер) да, ақша қаражаты да қайтарылмайды.
Билеттің ақшасы билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы қайтарылады.
Осы орайда атап айтарымыз, төтенше жағдай режимі кезінде коронавирус пандемиясына байланысты темір жол билеттерінің ақшасын ұстап қалмай, айыппұлсыз толық көлемде қайтару туралы шешім қабылданды. Көрсетілген кезеңде (16.03.2020ж. – 11.05.2020ж.) сатып алынған темір жол билеттерін жолаушы 6 ай ішінде қайтара алады - дейді компания мамандары.
Билетін қайтару үшін "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының билет кассаларына жүгінген жолаушылар өтініш жазып, оған жол жүру құжатын (билетін) және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса беруі қажет.
Сондай-ақ құжаттарды "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының мына аймақтық филиалдарының біреуіне жіберуге болады:
1) «Солтүстік» аймақтық филиалы (Нұр-Сұлтан қ., Гете к-сі, 11/1);
2) «Оңтүстік» аймақтық филиалы (Алматы қ., Тобаяқов к-сі, 2/1);
3) «Батыс» АФ (Ақтөбе қ., Станция к-сі,11).
Тиесілі ақша қаражатын алу үшін топқа алынған жол жүру құжаттарын (билеттер) қайтару туралы өтініштер өтініш беру тәртібімен "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамына жіберіледі: Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 6.