Пойыз апаты: Испанияның көлік министрі отставкаға кетпейтінін мәлімдеді

Елде үш күндік аза тұту жарияланды.

 AP photo 31 Қазан 2026, 03:40
31 Қазан 2026, 03:40
163
Фото: AP photo

Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте кемінде 69 адамның өмірін қиған жоғары жылдамдықты пойыздар апатынан кейін қызметінен кетпейтінін айтты.

ВВС-дің хабарлауынша, ол Мадридте өткен баспасөз мәслихатында апаттың себептерін анықтау қажет екенін және тергеу қорытындысына сәйкес әрекет ететінін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, апат күні таңғы сағат 08:30 шамасында компьютерлік жүйедегі ақау салдарынан алты пойыздың қозғалысы тоқтаған. Олардың арасында кейін соқтығысқан екі пойыз да болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат кезінде Renfe мемлекеттік компаниясының пойызы сағатына 160-200 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Ол жолда тұрған iryo пойызының соңғы вагонына соғылған.

Испаниялық БАҚ-та жарияланған аудиожазбаларда диспетчерлік орталық пен машинистер арасындағы әңгімелер бар. Жазбалардан бір пойыз тоқтап тұрғанына қарамастан, екіншісіне қозғалысты жалғастыруға рұқсат берілгені байқалады.

Пуэнтенің отставкаға кетуін кәсіподақтар мен оппозициялық Халықтық партия өкілдері талап етті. Алайда министр қызметінен кету ең оңай шешім болатынын айтып, тергеу аяқталғанша міндетін атқара беретінін жеткізді.

Испания премьер-министрі Педро Санчес елдің жоғары жылдамдықты теміржол желісіне деген қоғам сеніміне нұқсан келгенін мойындады. Елде үш күндік аза тұту жарияланды.

Наверх