Польшада із-түзсіз кеткен қазақстандық әйелдің мәйіті табылды

Польшада ақпан айында жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилова өлі табылды.

 әлеуметтік желі Кеше 2026, 10:47
Кеше 2026, 10:47
391
Фото: әлеуметтік желі

Польшада ақпан айында жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилова өлі табылды. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомство мәліметінше, әйел Польша аумағында қаза болған. Қазіргі уақытта Қазақстанның Польшадағы елшілігі жергілікті билік органдарымен байланыста болып, марқұмның денесін елге жеткізу мәселесінде туыстарына көмек көрсетіп жатыр.

Қаза тапқан азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен және Польша тарапындағы құзырлы органдармен тұрақты байланыста. Консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде мәйітті отанына қайтару бойынша қажетті көмек көрсетілуде, – деп хабарлады министрлік.

Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай бақылауда екенін атап өтті. Алайда қазақстандық әйелдің қаза табу себептері әзірге нақтыланбаған.

Екатерина Шилованың жоғалып кеткені жайлы ақпан айында белгілі болған. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде оның әпкесі хабарлаған.

Оның айтуынша, 43 жастағы әйел біраз уақыт Польшада жұмыс істеп, Қазақстанға қайтуды жоспарлаған. Ол Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда рейске отырмаған.

Ұшар алдында Шилова әпкесіне хабарлама жазып, елге қайту жоспарын өзгерткенін және Германиядағы жұмыс ұсынысын қарастырып жатқанын айтқан. Толық мәліметті кейінірек айтатынын жазғанымен, содан кейін байланысқа шықпаған.

Қазақстанның Варшавадағы консулдық бөлімі әйелдің жоғалғаны туралы ақпараттан кейін Польша құқық қорғау органдарына ресми нота жолдаған. Варшава полициясы ақпаратты алғанын растады және істі іздестіру департаментіне тапсырған.

Еске сала кетейік, осындай қайғылы жағдай 2024 жылдың 5 маусым күні де болған еді. Ол кезде Германиядағы Майндағы Франкфурт қаласында Айгүл Сайлыбаева жоғалып кеткен еді. Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы және “Болашақ” бағдарламасының түлегі.

Сонымен бірге, ағасының айтуынша, Айгүл ұзақ уақыт бойы күйеуі мен енесінен зорлық-зомбылық көрген.

СІМ-де Германияда жоғалған қыздың ісі ерекше бақылауда екенін айтқан болатын.

Кейін Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германиядағы Бенсхайм қаласының маңынан табылған. Экс-судьяның денесінен пышақ жарақаттары табылған болатын.

2025 жылдың желтоқсан айының соңында БАҚ Александр Донцов пен оның анасы Натальяны Мәскеуде полицияға жеткізілгенін хабарлаған еді.

ҚР ІІМ Германияда қаза тапқан қазақстандық судья ісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтқан болатын.

Ал ҚР ІІМ Германияда мәйіті табылған судья Айгүл Сайлыбаеваның жұбайы мен енесіне Қазақстанның Ішкі істер министрлігі іздеу жариялады. Немістің Bild басылымы мәйіттің пластик пакетке салынғанын және әйелдің өлер алдында зорлық көргенін жазды.

Анықталғандай, оның қаза болған кезде екінші сәбиіне жүкті болған.

Наверх