Польша премьер-министрі мемлекеттік төңкеріс жасады деп айыпталып жатыр

Бөлісу:
Польша премьер-министрі мемлекеттік төңкеріс жасады деп айыпталып жатыр
VIDEO
Фото: EPA - ELTA

Польша прокуратурасы мемлекеттік төңкеріс ісі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Wprost басылымына сілтеме жасап.

Конституциялық сот төрағасы Богдан Свенчковскийдің айтуынша, бұл іске премьер-министр, министрлер, Сейм (Ұлттық жиналыстың төменгі палатасы) мен Сенаттың маршалдары (спикерлері), билеуші коалицияның депутаттары мен сенаторлары, мемлекеттік заң шығару орталығының басшысы, кейбір судьялар мен прокурорлар және басқа да тұлғалар қатысуы мүмкін.

Бұл ақпаратқа "Құқық және әділеттілік" партиясының жетекшісі Ярослав Качиньский пікір білдірді.

Конституциялық сот төрағасының бастамасын және Бас прокурордың орынбасарының бұл істі тергеуге кіріскенін қанағаттанушылықпен қабылдаймын. Бұл мемлекеттік төңкеріс қылмысына негізді күдік бар деген мәлімдемеге негізделіп отыр, - деді ол.

Качиньский Қылмыстық кодекстің 127-бабына бірнеше рет сілтеме жасағанын атап өтті. Ол бұл бап мемлекеттік билікті күшпен басып алу туралы екенін және "қоғамдық БАҚ-ты, ұлттық прокуратураны заңсыз басып алу, конституциялық сот пен Ұлттық сот кеңесінің жұмысын бұғаттау, сондай-ақ заң мен Конституцияны ашық бұзатын басқа да әрекеттер" дәл осы бапқа сәйкес бағалануы керек екенін айтты.

Дональд Тусктің реакциясы

Премьер-министр Дональд Туск бұл айыптауларға жылдам жауап қайтарды. Ол әлеуметтік желілерде үстел теннисін ойнап жатқан видеосын жариялады. Бейнежазбада кадр сыртындағы дауыс "Тыңдаңызшы, Качиньский сіздің мемлекеттік төңкеріс жасағаныңызды айтып жатыр" дейді.

Қойшы, бізде мұнда одан да маңызды істер бар. Онымен кейінірек айналысамыз, - деп Туск жауап берді де, ары қарай ойынын жалғастырды.

Кейін Качиньский баспасөз мәслихатында премьер-министрдің жұмыс уақытында ойнап жүргеніне назар аударып, оның жұмыста "ең басты ісі осы сияқты" деп айтты.

Әрине, біз бұл туралы қоғамды түрлі жолдармен ақпараттандырамыз… Онда күлкіге қарық болғандар болды, бірақ бұл шынымен күлкілі жағдай емес. Бұл мырзалар күлуін доғаратын уақыт келеді деп үміттенемін, - деді Качиньский.

Өзгелердің жаңалығы