Жамбыл облысында полицейлер аса ірі көлемдегі есірткі партиясын тасымалдаған автокөлікті тоқтатты.
Аталған дерек республикалық «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған.
Не болды?
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 215-шақырымында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатты.
Жүргізуші полиция қызметкерлерінен қашуға әрекет жасап, көлікті жолдан шығарып жіберген. Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны әрі есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.
Көліктен не табылды?
Автокөлікті тексеру кезінде қызметтік Сэм иті тыйым салынған заттардың бар екенін сезген.
Жүксалғыштан қара түсті полиэтилен қаптарға салынған төрт қап есірткі заты табылды. Тергеу мәліметінше, бұл заттар көліктегі жолаушыға тиесілі болған.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың жалпы салмағы 43 келіден асатын кептірілген марихуана екенін көрсетті.
Тергеу не дейді?
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті есірткінің ірі партиясын Алматы қаласына жеткізуді жоспарлаған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Ал жүргізушіге көлік құралын басқару құқығынсыз және есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін заң аясында шара қолданылып, ол қамауға алынды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 10 күнде 760 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 121 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 266 келі прекурсор алынды.
Сондай-ақ, қызметтік ит Астанаға кіреберісте көліктен есірткі тапқан еді. Есірткі тасымалдады деген күдікпен 40 жастағы жүргізуші ұсталды.