Жетісу облысының полицейлері жүкті әйелді шұғыл перзентханаға жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы – Өскемен автожолында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдік нөмірлі автокөлікті байқаған. Көлікті басқарған Тәжікстан Республикасының азаматы патрульді көре сала тоқтап, қатты алаңдаулы күйде жұбайының толғағы басталғанын жеткізген.
Полиция капитаны Ринат Рақымбеков пен полиция аға лейтенанты Шыңғыс Аубакиров бір сәт те ойланбастан, көлікке жол бастап жүруді шешті. Жарық және дыбыс сигналдарын қосып, экипаж автокөлікті Сарқан қаласындағы ең жақын перзентханаға дейін қауіпсіз әрі жедел түрде жеткізді.
Жүкті әйелдің дәрігерлерге аман-есен тапсырылғанына көз жеткізген соң, тәртіп сақшылары қызметтерін жалғастырып, автожолда патрульдеуге қайта кірісті.