Полиция сұранысқа қарай өзгеруі қажет – министр

26 Мамыр 2022, 11:12
1168
Бөлісу:
Полиция сұранысқа қарай өзгеруі қажет  – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ІІМ-де министр Марат Ахметжановтың, оның орынбасарларының, қызмет басшыларының, ведомствоның орталық аппараты қызметкерлерінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бейнеконференцбайланыс арқылы кеңеске аумақтық департаменттердің, қалалық және аудандық полиция бөліністерінің, ведомстволық оқу орындарының басшылығы мен жеке құрамы қатысты. 

Жиында министр қызметкерлерге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттерін жеткізді. 

Қоғам өздеріңіз білесіздер өзгерді. Олардың сұранысы да өзгерді. Қазір азаматтар қауіпсіздік деңгейін арттыруды және олардың құқықтарын қорғауды әділ талап етеді. Сондықтан полиция сұранысқа қарай өзгеруі қажет. Бұл үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Оны іске асырудың қолайлы уақыты. Өйткені бүгінгі таңда қоғамның сұранысы мен ел басшылығының саяси ерік-жігері барынша бір-бірімен сәйкес келген кезде түбегейлі өзгерістер үшін мүмкіндіктер көзі ашылды, – деді Марат Ахметжанов. 

Кездесуде алда келе жатқан референдумды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Министр полиция департаменттерінің басшыларына жеке құрамға демократия институтының маңыздылығын түсіндіруді тапсырды. 

Сондай-ақ күн тәртібінде полиция қызметін артық қағазбастылықтан арылту, жұмысты цифрландыру, ішкі процедураларды қайта қарау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру және олардың пайда болу себептерін жою мәселелері қаралды.

Сонымен қатар министр мемлекет пен ведомство тарапынан ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мен материалдық қамтамасыз етуді нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. 

Жиында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк, Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов және Кадр саясаты департаментінің бастығы Ораз Жолдасов баяндама жасады. Олар жиналғандарды полиция жұмысын оңтайландыру бойынша енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен таныстырды. 

Ведомство басшысы министрліктің қызметкерлерге қойып отырған талабын, тәртіп сақшыларының негізгі міндеттерін еске салды.

Өзгелердің жаңалығы