Жол-көлік оқиғасы Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауылында 24 қаңтар күні күндізгі 11-лер шамасында болған. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы Ерлан Жақсыбаев мәлімдеді.
Аудандық полиция бөлімінің тергеушісі дүкеннен шығып, "Митсубиси" көлігімен артқа қозғалған кезде жол бойында бара жатқан әйел адамды аңғармаған. Ауыр жарақаттанған жүргінші сол жерде көз жұмған.
Қазір ҚР Қылмыстық кодестің 345-бабы, 3-бөлігіне сәйкес іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің ішімдік ішпегенін, яғни сау болғанын анықтады. Полиция қызметкері сол күні жұмыстан шығарылып, уақытша оқшаулау орнына қамалды. Тиісті сараптама тағайындалды, - дейді басқарма бастығы.
Жалпы бұл Тасқала ауданындағы полиция қызметкерлерінің қатысымен орын алған алғашқы оқыс оқиға емес. 2024 жылдың қараша айының 17-і күні жедел қимылдайтын арнайы жасақтың бұрынғы қызметкері ауыл фельдшері болып қызмет атқаратын 30 жастағы азаматты ұрып өлтірген еді. Ал 2021 жылдың аяғында алкогольді ішімдік ішкен полиция қызметкері рөлге отырып, Орал-Тасқала жолында қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысты. Жол апатында 51 жастағы әйел адам көз жұмды.
Тайыр Жәнібек