Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров тілшілерге Қазақстанда кездесетін параның "ерекшелерін" айтып берді.
Әртүрлі фактілер бар. Мысалы, параға балық алған дерек те кездесті. Бұл іс Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Бірақ бұл бекіре қызыл балығы емес. Осыған байланысты Үржар ауданының полиция бөлімінің бастығына 450 мың теңге айыппұл салынды. Ол мыс сымын ұрлағандарды қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып қалу үшін алған. Балықтың құны 50 мың теңге тұрады, - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров.
Сондай-ақ, бағасы 100 мыңнан қымбат тұратын гүлдің астына қоятын "подставканы" параға алған факті де тіркелді.
200 мың теңгеден асатын өсімдік тыңайтқышын да параға берген дерек те тіркеліп отыр. Бұл іс 2017 жылы болған. Ол адамға 6 миллион теңге айыппұл салынды. Ақсай ауылдық округінің әкімі жеке тұрғын үйге жер телімін бергені үшін осындай пара алған, - деді аға тергеуші.