Полиция адам саудасына қарсы күресті күшейтуде

17 Шілде 2024, 19:12
401
Бөлісу:
Полиция адам саудасына қарсы күресті күшейтуде
Фото: Арман Мухатов - архив

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Заңда бұрын заңнамалық деңгейде белгіленбеген және алғаш рет “адам саудасының құрбаны”, “адам саудасының ықтимал құрбаны”, “адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері” және басқа да ұғымдар қарастырылған. Мәселен, Заңды әзірлеу кезінде ведомство негізгі тәсілдерді анықтады. Халықаралық тәжірибе енгізілді – төрт “П” тұжырымдамасы: серіктестік, алдын алу, қудалау және жәбірленушілерге көмек.

Біріншісі – мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссияларды және халықаралық ынтымақтастық негіздерін қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру.

Екіншісі – алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын жүргізу. Бұл адам саудасына ықпал ететін себептерді талдауды, кейіннен барынша азайту және пәрменді шаралар қабылдау үшін оның таралу нысандары мен ауқымын зерттеуді көздейді.

Үшіншісі – қудалау. Заңда адам саудасының барлық нысаны, оның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және органдарды алу үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңнамаға сілтеме нормасы енгізіледі.

Төртінші – көмек көрсету. Адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмектесу көптеген ратификацияланған халықаралық шарттардың міндетті нормасы саналады. Заң жәбірленушіге мемлекет тарапынан өз құқықтары мен қорғау шараларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау кепілдіктері оларды полицияға жүгінуге ынталандырады және істерді сотқа жеткізуге ықпал етеді.

ІІМ бүгінгі күні қолданылып жүрген адам саудасы құрбандарының барлық құқығы сақталғанын және заңда көрсетілгенін атап өтті.

Заң алғашқы жариялған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы