Көлік полицейлері республика бойынша заңсыз көші-қон мәселелерін қолға алады

9 Сәуір 2019, 10:44
2568
Бөлісу:
Көлік полицейлері республика бойынша заңсыз көші-қон мәселелерін қолға алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылдың 9 мен 12 сәуірі аралығында Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Заңсыз келуші - 2019» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі өткізілмек. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған іс шараның мақсаты – заңсыз көші-қонды, заңсыз көші-қонға қатысты басқа да заңға қайшы әрекеттерді анықтау және жолын кесу», - деді Департамент бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабылов.

Аманжол Қабыловтың айтуынша іс-шараға ведомстваның барлық күштері жұмылдырылмақ. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызмет басшылары мен жеке құрам қызметкерлерінен тұратын жедел жұмыс топтары құрылды.

ЖПІШ өткізу барысында еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар легі тексерілетін болады.

«Сонымен бірге елімізде болу тәртібін бұзған шетел азаматтарын, сот шешімін орындамағандарды тысқары шығару, сонымен қатар шетел азаматтарының жұмыс күшін пайдалану тәртібін бұзған жұмыс берушілерді анықтау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру», - деді полиция полковнигі.

Департаменттің Жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру батальонының қызметкерлерін жұмылдыра отырып, 280 халықаралық және республикалық жолаушылар пойыздары қамтылады.

«Жоғарыда аталған нысандарда тәулік ішінде 200-ден аса көлік полицейлері жұмылдырылуда», - деп қорытындылады өз сөзін полиция полковнигі.

 

Өзгелердің жаңалығы