ІІМ полицияға қарсылық көрсетіп, бағынбау әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Мәселен полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, заңсыз әрекет жасағаны үшін 225 азамат сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мысалы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақпен ұмтылып, оларды жарақаттаған.
Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясында да осындай жағдай болды. "Астана – Атырау" бағытындағы пойыз жолаушысы алкогольдік ішімдіктерді ішкеннен кейін патрульдік қызмет инспекторларына физикалық қарсылық көрсетті. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта билік өкілдерін қорлап, оларға бағынбау фактілері жиілеп кетті. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес осындай 271 дерек тіркелді. Оның 127-сі мас күйде, 87-сі бұрын сотталғандармен және 19-ы адамдар тобымен жасалған, - деді ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев.