Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Қаңтар оқиғасы» кезінде Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкерлері шерушілер шабуыл жасаған мемлекеттік мекеме ғимараттарын күзететіндіктен ең бірінші болып бұзақылардың соққысына жығылғаны анық.
Ауыр жарақат алған полицейлердің бірі – Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының батальон командирі полиция подполковнигі Мархабат Мұхтаров. Соққыға жығылып, басынан жарақат алған батальон командирін патрульдік полиция қызметкерлері құтқарған. Полиция полковнигі қаңтар қырғыны кезінде қалай әрекет еткендері жайлы айтып берді.
4 қаңтарда түнгі сағат 12-ге таяу менің батальоным әкімдік ғимаратына жетті. Бізден бұрын мұнда 1-ші және 5-ші батальонның жігіттері келген болатын. Ертесіне түс кезінде әкімдік ғимаратының алды мен алаңда бұзақылар полиция қызметкерлерін соққыға жыға бастады. Мен жедел жәрдем шақырып, жаралы әріптестерімді соларға салып жіберіп отырдым. Шерушілердің қолында ағаш, арматура, жарылғыш заттар болды. Тіптен күрекке дейін ұстап алғандары бар. Бізде қару болған жоқ, резеңке оқтар мен резеңке таяқтар, шуға қарсы гранаталармен қорғандық. Бірақ адамдардың көптігінен біздің күшіміз әлсіз болды,-дейді М. Мұхтаров.
Қоғамдық тәртіпті орнатамын деп жүрген полиция полковнигі өзі де соққының астында қалған. Басы жарылып, үстін қан басып кетеді.
Біраз уақыт есімді білмей қалдым. Әйтеуір сытылып, Назарбаев көшесіне шыққанымды білемін, сол жерде бір патрульдік көлік тоқтап, мені 5-ші ауруханаға жеткізді. Ауруханада басымды тігіп, жедел көмек көрсетті. Бір уақытта дәрігерлер абдырап, ары-бері жүгіріп кетті. Жанымда біздің басқармадан 4-ші батальонның қызмет инспекторы полиция майоры Досаев Ринат пен басқарманың қызмет инспекторы Аяғанов Дәурен бар болатын. Екеуі де жаралы, менен бұрын жеткізіліпті. Үшеумізді дәрігерлер жансақтау бөліміне әкеліп тықты. Сөйтсек содырлар ауруханаға келіп, «әскерилер мен полиция қызметкерлері бар ма, өлтіреміз» деп іздеп жүр екен. Екі сағаттан соң мен телефон арқылы өзімнің орынбасарым полиция подполковнигі Сәкен Егеубаевпен хабарластым. Ол взвод командирінің көмекшісі аға сержант Тілек Тапанов екеуі маған киім әкеліп, ауруханадан алып кетті,-дейді Мұхтаров.
Қаңтар оқиғасы кезінде көптеген дене жарақатын алған М.Мұхтаров қазір МКҚБ-дағы қызметін қайта жалғастыруда. Өміріне төнген қауіпке қарамастан полицидан кету ойы жоқ екенін айтты.
Жоқ! Мен полиция қызметінің қауіп пен қатерге толы қызмет екенін білсем де, жүрек қалауыммен келгенмін. Ал, еліміздегі соңғы оқиғалар қайта біздің жігіттердің антқа адал болу қасиетін арттырды, намысын жаныды деп сеніммен айта аламын,-дейді ол.
Батальон командирі, полиция подполковнигі Мархабат Ғабдылқалыхұлы Мұхтаров ішкі істер органындағы еңбек жолын 2002 жылы ҚР ІІМ-нің дипломатиялық өкілдіктерін күзету жөніндегі Полиция полкының инспекторы болып бастаған. Аталған полкта ол батальон командирінің орынбасарлығына дейін көтерілді. Мектеп бітірген соң Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін бітірсе, 2011 жылы ІІМ Алматы академиясының Заң институтын тамамдаған.
Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында туып-өскен Мархабаттың погонды қызметке деген қызығушылығын тудырған әкесінің інілері екен. Біреуі полковник, біреуі подполковник екі ағасына қарап бой түзеген Мархабат ҚазМУ-дың тарих факультетін бітірсе де Алматы қаласы Мемлекеттік күзет басқармасының арнайы дайындық училищесіне келді. Содан бері ол күзет саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Полиция подполковнигі отбасында үлгілі әке, өнегелі жар.