Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылдың қыркүйегінде Жезқазған станциясындағы Желілік полиция бөлімшесіне жүк пен қол жүгін қабылдап-тапсырушыдан "Жіңішке-Алашанькоу ҚХР" бағытында жөнелтілетін жүк поездының 3 вагонынан жалпы салмағы 85 тоннаны құрайтын 77 биг-бег "ферроқорытпа" жүгінің жетіспейтіндігі туралы хабарлама келіп түсті.
"Хром" АҚ-ға 31 млн теңге сомасында материалдық шығын келтірілген. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Алибаев айтты.
Оның айтуынша аталған факт ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы, яғни, аса ірі мөлшердегі ұрлық фактісі бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Сонымен қатар, Н. Алибаев жедел-іздестіру іс-шарасының барысында Қарағанды облысының 24-33 жас аралығындағы бес тұрғыны анықталып, ұсталғанын айтты. Олардың арасында "Әскерилендірілген темір жол күзетінің" күзетшісі де болған. Ол жүк вагондарының Жезқазған станциясына келу уақыты туралы хабарлаған.
Көлік полицейлері жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс темір жол ұйымдары қызметкерлерінің өздерімен жасалатын ұрлық фактілерінің кездесіп жататынын тілге тиек етті. Мәселен, жыл басынан бері жылжымалы құрамдардан жүк ұрлағандары үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның 5 қызметкері және "ӘТЖК" АҚ-ның 3 қызметкері ұсталды - деді полиция полковнигі.
Аталған қылмыс бойынша ұсталғандардың айтуынша ұрланған жүк салынған қаптарды тиеп, оларды Қарағанды қаласына дейін тасымалдау үшін алдын ала үш автокөлік пен "Камаз автокран" автокөлігін жалға алған.
Сондай-ақ, ол ағымдағы жылдың басынан бері Департаментте 211 бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде 16 жылжымалы құрамнан жүк ұрлау тіркелгенін атап өтті. Қылмыстардың жалпы ашылуы 81,6%-ды құрайды.Жүргізілген тергеу жұмыстарымен ұсталғандардың кінәсі толық дәлелденіп, Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының үкімімен жоғарыда аталған құқықбұзушылар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 5 жылға шартты сынақ мерзімімен бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, - деді Алибаев.