Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция бөліміне алаяқтық туралы арызбен 47 жастағы әйел жүгінді.
Жәбірленушінің айтуынша, ол шілде айында жоғалтып алған моделі Oppo ұялы телефоны туралы өзінің танысына айтып берген.
Өз кезегінде таныс ер адам өзінің полиция қызметкері екенін жеткізіп, қысқа мерзімде жоғалған ұялы телефонды табуға уәде берген. Өзінің қызметін жалған полицей 7 мың теңгеге бағалаған. Алайда, ақшаны қолға түсірген таныс жігіт әйел адамның телефон қоңырауына жауап бермеген, кездесулерден қашқақтаған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде бұрын сотталған, жұмыс істемейтін 23 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жауап алу кезінде ол кінәсін толықтай мойындап, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағанын түсіндірген, - деп атап өтті ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Тергеу кезінде анықталғандай, күдікті ер адам құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ болып шыққан. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.