Полиция жалған мәлімет таратып келген Instagram аккаунтының админін ұстады

15 Мамыр 2021, 19:31
1727
Бөлісу:
Полиция жалған мәлімет таратып келген Instagram аккаунтының админін ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер органдары әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында Qaznews24 Instagram аккаунтын анықтады. Бұл парақшада үнемі фейк жаңалықтар жарияланып келгені белгілі болды.

Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған аккаунтта жарияланған ақпарат қоғам тарапынан кері әсер туындатып келді. Себебі халыққа жалған ақпарат таратып, азаматтарды жаңылдырған. Полиция бір жағдайды мысалға келтірді.

Полиция жалған мәлімет таратып келген Instagram аккаунтының админін ұстады

Мәселен «Жылына бір рет - қазақтандықтардың шетелге шығуына шектеу қойылады», «2021 жылы қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 683 432 теңгені құрады – ұлттық статистика бюросы», «Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мефедронды легализациялауды ұсынды», «Енді депутатқа дауыс берген сайлаушылар депутаттардың орнына қылмыстық жауапкершілікті арқалайды», «Зорлық-зомбылық және сексуалды сипаттағы қылмыстарды қылмыстық кодекстен әкімшілікке ауыстырады», «Мәжіліс депутаттары депутаттардың кірістері мен мүлкін міндетті декларациялау туралы заңды қайта қайтарды», «Енді қазақстандықтар шетелге шығу үшін миграциялық полициядан виза рәсімдеуі қажет» деген және тағы басқа тақырыппен берілген жаңалық қоғам арасында қызу талқыға салынды. 

Аталған аккаунттың 5,5 мыңға тарта оқырманы жалған ақпаратты оқып жүрген.  

Бұл жаңалықтардың мағынасыз әрі жалған екенін біле тұра, желі қолданушылары оны өз парақшасында жарнамалап, азаматтар скриншот жасап, фейк жаңалықтарды мессенджерлер арқылы жан-жаққа таратқан, бұдан бөлек ол жаңалық басқа ақпарат ресурстарында да жарияланған.

Жалған ақпаратты аккаунтқа жариялау дерегі бойынша ҚР ҚК 274-бабы, 2-бөлігі (Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел тергеу амалдарын жүргізу барысында Qaznews24 аккаунтын жасап шығарған 25 жастағы Алматы қаласы тұрғыны анықталды. Тергу амалдарын жүргізу үшін ол полиция бөліміне жеткізілді. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалды. Тергеу жалғасуда. Ішкі істер органдары тұрғындарға жалған ақпарат таратуға болмайтынын, тек мемлекеттік органдар таратқан ресми мәлімдемеге сену қажеттігін, сонымен қатар жалған ақпаратты тарату салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын еске салады, - делінген Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы