Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігі халықпен тұрақты негізде ашық байланыс жасауда, деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелерін олардың пікірлерін ескере отырып шешу полиция қызметкерлері жұмысының маңызды бөлігіне айналды.
Өткен жылдың өзінде аумақтық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері халықпен 12,7 мыңнан астам кездесу өткізді. ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды тұрақты негізде өзі қабылдайды.
Nur Otan партиясы алаңындағы соңғы онлайн-кездесу кезінде министр 30 адамды қабылдады. Барлық өтініштер бойынша Ерлан Тұрғымбаев ІІМ қызметтерінің басшыларына нақты түсініктемелер мен тапсырмалар берді.
Адамдармен тікелей диалог жасау барысында дереу шешуді қажет ететін мәселелер белгілі болады. Полицияның басты міндеті – азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесу. Ішкі істер министрлігіне берілетін баға осы жұмысқа байланысты, – деп атап өтті еліміздің бас полицейі.
Азаматтар көбінесе қылмыстық істерді тергеудің толықтығына, оның сапасы мен мерзімдеріне қатысты сұрақтарымен, қандай да бір проблемалар бойынша шаралар қолданбау мәселелерімен, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен негізділігін зерделеу туралы өтініштерімен, сондай-ақ ішкі істер органдарының жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарымен және полиция қызметкерлеріне алғыс білдіру үшін жүгінеді.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны өз ауылының жақын маңдағы полиция пунктінен қашықтығы мәселесін көтерді.
Жақын жерде полицияның болуы біздің қауіпсіздігімізге сенімділік береді. Әсіресе, қыс мезгілінде ауылға жету өте қиын, – деді ол министрге.
ІІМ басшысы ШҚО Полиция департаментінің бастығына мәселені зерделеуді тапсырды.
Осы ауылда полиция пунктін ашу туралы ойланыңыз. Шынында да, әр минут қымбат болатын жағдайлар болады. Ал адамдардың қауіпсіздігі біз үшін бірінші орында, – деп жауап берді Ерлан Тұрғымбаев.
Азаматтарды қабылдауды ІІМ және өңірлердегі Полиция департаменттерінің басшылары апта сайын жүргізеді. Қабылдау кестесі сайттар мен әлеуметтік желілерде орналастырылады.