Алаяқтықты «аса ауыр қылмыстар» санатына қосу қажет – тергеуші

27 Желтоқсан 2020, 15:32
4049
Бөлісу:
Алаяқтықты «аса ауыр қылмыстар» санатына қосу қажет – тергеуші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Полиция қызметкері халықтың қорғаны болуы тиіс. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда сақшылардың еңбегі орасан. Десе де үлгілі полиция қандай болуы керек? Олардың бейнесі қандай? Полицейлердің қызметіне ғана емес, түр-тұлғасына да жиі сын айтылып жүр.

Осы орайда елордалық ПД Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Жандар Болатбекпен аз-кем тілдескен едік.

Жастайынан спортты серік еткен ол, ішкі істер органдарына кездейсоқ келмепті. Алғашқыда әскери қызметкер болуды армандаған екен. Сол себепті Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернатқа оқуға түседі. Әрине, Жандар әскери адам физикалық тұрғыда мықты болуы керектігін білетін. Сондықтан ол спорт мектебіндегі оқуын да бірге алып жүрді. Бәріне үлгеруге тырысатын. Бір күні оқудан туған ауылына оралғанда әкесінің інісі үйіне келіп, мынадай ақыл-кеңесін беріпті: «Бұл бала өзі спортпен шұғылданады, түр-тұлғасы әскери адам болуға келеді. Бірақ Жандар полиция қызметкері болса, қайтеді? Икемі де бар секілді. Егер менің ақылымды тыңдасаңдар, осылай істеңдер» депті.

Әскери қызметкер, әлде полиция?

«Содан үй іші ақылдаса келе мені 2011 жылы ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсірді. Оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдадым. 2015 жылы елордалық ПД Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының аудандық полиция бөліміне тергеуші лауазымына тағайындалдым. Екі жылдан соң қалалық ПД Тергеу басқармасына тергеуші болып орналастым. Содан бері тергеуші болып қызмет істеп келе жатырмын», – дейді полиция капитаны.
Алаяқтықты «аса ауыр қылмыстар» санатына қосу қажет – тергеуші
Оның айтуынша, 2015 жылы Сарыарқа аудандық ПБ аудандық полиция бөліміне алғаш жұмысқа келген сержанттарға тәжірибе ретінде әрбір қылмыстық істерді бөліп берген.
«Менің қолыма зорлық-зомбылық ісі түсті. Тергеуші мамандығы бойынша 4 жыл оқыған маған бұл анау айтқандай қиын іс болып көрінген жоқ. Дегенмен, істі тергеу теория бойынша бөлек те, тәжірибе жүзінде мүлдем басқа екеніне көзім жеткендей болды. Дегенмен екеуін ұштастыруға тура келді. Оның үстіне зор қызығушылық таныттық...», - деді тергеуші.
– Ол қандай қылмыстық іс?

«Елордадағы бір дәмханада оңтүстік өңірден келген екі жігіт бір әйелмен танысады, – деді Жандар Болатбек. – Таныстық соңы «көңілді отырысқа» жалғасқан екен. Кейін әлгі жігіттер «қызып қалған» әйелді мектеп маңайына апарып зорламақшы болыпты. Басты күдікті – екі адам. Өзім енді ғана оқу бітіріп келген тәжірибесіз сержантпын. Сонымен, сол істі тергеуге кірісіп кеттім. Әрине, тәлімгерлерім де көмектерін аяған жоқ. Ақыры ол істі аяқтап, сотқа жолдап, соңында екі күдікті өз жазаларын алды. Кейін тонау ісі бойынша да тергеу жүргіздім. Ол да нәтижесіз болған жоқ. Ал 2015-2017 жылдары ұрлық, тонау, қарашылық, зорлау деректері, адамға қасақана ауыр, орташа дене жарақаттарын салу, бұзақылық, көлік ұрлау, т.б. секілді қылмыстық істерді тергеп үйрендік. Содан соңғы 3-4 жылда қалалық ПД Тергеу басқармасына келген соң мен тек алаяқтық қылмыстарын тергеп жүрмін...», - деді ол.

Құрбысына жала жауып, өзі «қақпанға түсті»

– Осы орайда есіңізде ерекше сақталған оқиға болды ма?
«Адам болғаннан кейін әр түрлі жағдай болады, әр түрлі тағдыр болады. Әлбетте, тергеу ісіне біржақты қарауға болмайды. Иә, мұндай оқиға болды. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, бірде өзін мектеп директорымын, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ докторантымын деп таныстырған әйел арызданды. Ол өз шағымында ЖОО-ға жұмысқа тұрғаны үшін және баласын НЗМ түсіргені үшін құрбысына ақша бергенін айтты. Олар бала кезден бірге өсіп, дос болған екен. Ал «күдікті» болып отырған құрбысы – бүгінгі күнге дейін ЖОО-да сабақ беріп жүрген оқытушы. Содан арызданушының әр айтқан сөзін мұқият зерделеп, тексере келе, оның құрбысына көпе-көрінеу жала жауып отырғанын анықтадым. Сөйтіп, екі тарапты да тыңдап, сараптап, оның өтірік айтқанын дәлелдедім. Содан арызданушының құрбысына қатысты қылмыстық іс тоқтап, оның өзіне қарсы қозғалды. Міне, осындай да оқиғалар басымнан өткен...», - деді Жандар Айдарұлы.
– Қазіргі таңда қандай қылмыс түрлері жиі болып жатыр?
«Жастар арасында бұзақылық, тонау, қарақшылық қылмыстары жиі болып жатады. Десе де бүгінде алаяқтық қылмыстары да көбейіп кетті. Жеңіл жолмен ақша табуға тырысқандардың қаржылық пирамида құрып, сондай-ақ, интернет арқылы алдап-арбау деректері азаймай тұр...» 

– Оның басты себебі неде деп ойлайсыз?
«Меніңше, сол – «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру» секілді. Болмашы ақшамен тез байып кетсем, материалдық жағдайымды жасап алсам, пәтер алсам, көлік алсам деген пиғыл. Бірақ кейін алданып қалғандарын біліп, сан соғып жатады. Өкінішке қарай, әсіресе, Нұр-Сұлтаннан мемлекеттік бағдарлама, Тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып беремін дейтін алаяқтардың дәурені жүріп тұр», – дейді тергеуші.

Сақшы спортпен шұғылдануы тиіс

Жандар Айдарұлының айтуынша, бүгінгі таңда ол дәл осындай қылмыстық істі тергеп, сотқа жібергелі жатыр екен. Мемлекеттік бағдарламамен пилоттық жоба бойынша сүрілейін деп жатқан ескі үйлердің орнына жаңа пәтерлер салынатынын айтып, бірнеше адамды алдаған азаматша туралы БАҚ-та жарияланған.

«Алаяқтардың құрбаны болмау үшін халықтың көзін ашу түсу қажет шығар деп ойлаймын, – дейді Жандар Айдарұлы. – Бірақ айтылып та, жазылып та жүр ғой. Дегенмен, «бес саусақ бірдей емес». Ол үшін заңды күшейту қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорларға қатысты заңды күшейтуді тапсырғаны белгілі. Сол секілді қарапайым халықты алдап жүрген алаяқтарды да аямаса екен дейміз. Әйтпесе олар жүздеген адамды алдап, «көп болса 7-8 жылға сотталармын, оның жартысын өтесем, амнистияға ілігіп кетермін» деп ойлайтын сияқты. Сол себепті де тайраңдайтын тәрізді. Ал алаяқтық «ауыр қылмыстар» санатына жатады. Ол санатта ең көп дегенде 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мейлі ол бірнеше адамды алдай ма, әлде бірнеше жүздеген азаматты алдай ма, бәрібір. Сондай-ақ ол миллион теңге ұрласа да, әлде миллиардтаған ақша ұрласа да, 5 жылдан 10 жылға дейін ғана отырады.Әрі алаяқтық бабымен сотталғандардың тергеудегі бір күні бір жарым күн болып есептеледі. Осындай-осындай жеңілдіктерін алып тастаса, бәлкім, ондай қылмыс саны да азаятын шығар. Сол себепті алаяқтық қылмысын «аса ауыр қылмыстар» қатарына қосу керек деп ойлаймын...» 

– Жалпы, тергеушіге қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?

«Еліміздің әрбір азаматы өз Отанын шексіз сүюуі қажет. Полицейлер халықпен етене жұмыс істеуі керек. Спортпен шұғылдануы тиіс. Сосын, жоғарыда айтқанымдай, кез келген іске біржақты қарамай, тек әділдік жағында болу – өте маңызды. Сатқындық, бұрмалаушылық қасиеттерге бой алдырмағаны жөн. Мұндай әрекеттер азаматтарға кір келтіреді...», - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Жандар Болатбек. 


Өзгелердің жаңалығы