Полицейлер 9 айда 143 келі есірткі тәркіледі

19 Қазан 2021, 22:52
4239
Бөлісу:
Полицейлер 9 айда 143 келі есірткі тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордалық полицейлермен 2021 жылдың тоғыз айында 169 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың – 12, есірткі сатудың – 21, есірткі өсірудің – 43, есірткі жарнамалаудың екі дерегі және есірткімен байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 90 дерегі анықталды. 

Заңсыз айналымнан барлығы 143,3 кг есірткі заты тәркіленсе, оның 352 гр синтетикалық есірткі құралы. 

Жыл басынан атқарылған іс-шаралар нәтижесінде Қызылорда облысы көлемінде есірткі насихаттау және жарнамалаудың екі дерегі анықталып, Қызылорда қаласының 20 жастағы әйел азаматшасы ұсталып, тергеу әрекеттері кезінде өзінің көрсетуімен 110 граффити суреттер жойылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні Қызылорда қаласында таратудың екі дерегі анықталып, Атырау және Семей қалаларының тұрғындары құрықталды. Тінту әрекеттері кезінде олардың қала орталығынан жалдаған пәтерлерінен, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, жасырып қойған нүктелерінен жастар арасында “мефедрон”, “эфедрон”, “PVP” атауымен танымал синтетикалық есірткі құралдары заттай дәлелдеме ретінде алынды. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тұңғышбай Еркіннің айтуынша, ағымдағы жылдың 4 қазан және 30 қараша аралығында өткізіліп жатқан “Рефлекс” жедел профилактикалық іс-шарасының барысында синтетикалық есірткі сақтаудың үш дерегі анықталды. 

Сонымен қатар, Қызылорда облысы аумағында 2021 жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында “Қарасора-2021” арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы да өткізілуде. 

Іс-шара кезінде есірткі өсірудің 43 дерегі анықталса, оның 16 дерегі далалық аймақтан, 27 дерегі үй ауласы, саяжайдан табылды. 

Есірткі өсіргені үшін барлығы 52 адам ұсталса, оның 30-ы қамаққа алынды. Оқиға орнынан барлығы 14 мың 360 түп сора өсімдігі жойылды.

Өзгелердің жаңалығы