Пневмония – барлық жастағы адамдар зардап шегетін тыныс алу жолдарының ең қауіпті ауруларының бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың басынан 9 ай ішінде Қазақстанда 76 мыңнан астам жағдай тіркелген. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімінің пульмонолог дәрігері Аида Жәділмен сұхбаттасқан еді.
- Пневмония ауыруының белгілері қандай? Адам өзінің жедел респираторлық инфекцияны жұқтырғанын қалай біледі?
- Күзгі-қысқы кезеңде жедел респираторлық инфекциялардың, соның ішінде пневмонияның даму қаупі артады. Пневмония – өкпенің тыныс алу жолдарының ошақты зақымдануымен сипатталатын жедел инфекциялық ауру. Ауру негізінен жөтел, қақырық, әлсіздік, ентігу белгілерімен қатар дене қызуы жоғарылауынан басталады.
Пациенттердің кейбірінде, әсіресе егде жастағы адамдарда пневмонияға тән шағымдар мен физикалық белгілер болмауы мүмкін, интоксикация синдромы басым болады. Яғни пневмонияның А типті түрі дене қызуы көтерілмей, қан көрсеткіштерінде айтарлықтай өзгеріс болмай, интоксикация салдарынан бас ауруы, бұлшықет немесе тамақ ауырып, құрғақ жөтелмен қатар жүруі мүмкін. Тұмау кезінде дене қызуы тез көтеріледі, адам 3-4 сағаттан аз уақыт ішінде ауырып қалуы мүмкін, ал ЖРВИ кезінде симптомдар біртіндеп пайда болады. Ересектерде суықтың белгілері 2-ші, 3-ші күні пайда бола бастайды.
- Егер уақытылы диагноз қойып, емді кешіктірмей бастаса, пневмония емделеді ме?
- 55 жастағы А. пациентінде тамағы жыбырлап құрғақ жөтел пайда болған. Науқас мұны салқындаумен байланыстырады. 10 күн бойы ол өзін-өзі емдеп, парацетамол, аскорбин қышқылын қабылдаған, бірақ өздігінен қабылдаған емі әсер етпеген. Жағдайы күн сайын нашарлап, жалпы және бұлшықет әлсіздігі күшейе түскен. Аурудың басталуынан 2 апта өткен соң науқас стационарға түсті. Кеуде қуысының компьютерлік томографиясын жүргізу кезінде екі жақты төменгі үлесті пневмония анықталды. Зертханалық зерттеулерде лейкоциттердің шамалы жоғарылауы, СОЭ жылдамдығы анықталды. Кешенді емдеуден кейін науқастың жағдайы жақсарды. Егер уақытылы диагноз қойып, терапияны кешіктірмей бастаса, пневмония емделеді.
- Алғашқы белгілер пайда болған кезде не істеу қажет?
- Пневмония адамның денсаулығы мен өміріне, әсіресе осал санаттағы адамдарға әсер етуі мүмкін. Алдын алу және уақытылы медициналық көмекке жүгіну асқынулардың алдын алуға және өлім-жітім деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Алғашқы белгілер пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралыңыз, жаман әдеттерден бас тартыңыз, тұмау мен пневмококкқа қарсы вакцинациядан өтіңіз. Дәрумендерге бай тағамдарды тұтыныңыз, физикалық белсенділікпен айналысыңыз және ұйқыңызды қадағалаңыз.
- Науқас аурған сәтте қандай тағамдарды тұтынған жөн?
- Пациенттің мәзірін жасаған кезде жалпы диеталық ұсыныстарды ескеру қажет. Құрамында кальций, В тобындағы дәрумендер мен тірі дақылдар бар тағамдар (сүт және ашытылған сүт өнімдері: сүт (1,5%), сарысу, сүзбе (1%), айран (1%), қаймақ (10%). Көкөністер (қырыққабат, салат, сәбіз, қызылша). Цитрус жемістері (грейпфрут, апельсин, лимон, мандарин). Итмұрын, қарақат, қара өрік. Тауық сорпасы; лимон қосылған шай; газсыз минералды су). Құрамында А дәрумені бар тағамдар (ірімшік, май, сарысы, бауыр, жасыл пияз, ақжелкен, сәбіз, теңіз шырғаны). Құрамында В тобының витаминдері бар тағамдар тұтынған жөн.
- Әңгімеңізге рахмет!