Қостанай облысындағы өртпен күресіп жатқан еліміз сыртқы экономикалық агенттерден жағымсыз хабар алды, деп хабарлайды Алматы облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
S&P Global Ratings Қазақстанның суверенды рейтингіндегі болжамды «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» түсіріп тастады. Ол нені білдіреді?
S&P Қазақстанның шетелдік және ұлттық валюталардағы міндеттемелері бойынша ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтингтерін «ВВВ-/А-3» деңгейінде растады. Елдің ұлттық шкала бойынша ұзақ мерзімді рейтингі «kzAAA» деңгейінде бекітілді. Ал валюта аударымы мен айырбастау тәуекелін бағалау «BBB» деңгейінде қалды.
Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий Құбыр консорциумы арқылы экспортталады. S&P аналитиктері содан үлкен қауіп көріп отыр. 2022 жылдан бастап КҚК-ға қатысты түрлі «құбылыстардың» пайда болғанын, атап айтқанда, шағын дауылдың мұнай құю құрылғыларын бүлдіргенін, одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс заманынан қалған миналардың кенеттен пайда болғанын, одан кейін құрылғылардан сызат табылғанын көріп отырмыз. Осының бәрі биыл бір уақытқа - 24-ші ақпаннан кейінгі мерзімге тап келгені де біз үшін «өте қызық».
Бірақ мұндай қызықтар Қазақстанның инвестициялық рейтингін төмендете бастады.
Ұзақ кезең аралығында мұнай экспорты айтарлықтай қысқарған жағдайда, біз алдағы екі жылда Қазақстанның рейтингтерін төмендетуіміз мүмкін. Бұл сыртқы экономикалық көрсеткіштердің нашарлауына және Қазақстан бюджетінің тапшылығының артуына әкеледі деп күтілуде. Мысалы, КҚК құбырының өткізу қабілеті төмендеп, сол жағдай ұзақ уақыт бойы сақталса, жағымсыз болжам орын алады. Сондай-ақ инфляциялық қысым мен қарыз алу құнының өсуі мемлекеттік қарызға қызмет көрсету және өтеу шығындарының өсуін жалғастыра берсе, біз рейтингтерімізді төмендетуіміз мүмкін. Ауқымды наразылықтар немесе толқулар салдарынан ішкі тұрақтылықтың нашарлауы сияқты басқа тұрақсыздандыратын факторлар да рейтингтің төмендеуіне әкелмек, - деді жазады, S&P Global Ratings.
Басында S&P Қазақстанда 2022 жылы мұнай өндіру көлемі 87,5 млн тонна болады деп болжаған еді. КҚК-дағы жағдайлардан кейін осы болжам 85,6 млн тоннаға дейін төмендеп отыр.
«Тұрақты» деңгейіне қайтып келе аламыз ба?
Ия, біз үшін есік қатты жабылған жоқ. Сарапшылар бюджеттік көрсеткіштердегі өзгерістердің орта мерзімді перспективалары жақсарып, қарыз өсімі бәсеңдесе және қарызға қызмет көрсету мен өтеу шығындары төмендесе, Қазақстанның рейтингтері бойынша болжамның «Тұрақтыға» қайта қарау мүмкіндігі бар екенін айтады. Әсіресе, үкімет шикізаттық емес кірістер базасын айтарлықтай ұлғайтқанда немесе шығындарды қысқартқанда біз «Тұрақтыға» орала аламыз. Бірақ, ең бастысы әлемдік нарықтағы мұнай бағасы құлдырамауы тиіс.
Осы жерде бір «гәп» бар.
S&P Global Ratings аналитиктері 2024 жылдан бастап мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірісіне қысым жасауы мүмкін деп болжайды. Онда дефицит артып, қарыз алу көлемі ұлғайса, бізге жалғыз жол – бюджет шығындарын қысқарту ғана қалады. Ол кезде халық наразылығы артып, әлеуметтік толқулар басталса президент пен атқарушы биліктің позициясы мықты болуы тиіс. Сондықтан бұған жеткізбеген жөн және оған қазірден бастап дайындала беру керек. Өзіне тым көп әлеуметтік жүктеме артып алған мемлекет жан-жақтан қарыз ала бастағанын, және оны қайтару бюджетке салмақ түсіре бастағаны байқалады.
S&P аналитиктері де осыны айтып отыр. Олар 2022 жылдан бастап үкіметтің борыштық міндеттемелері оның өтімді активтерінен сәл асып кете бастайды болжайды. Түсінікті тілмен айтсақ, кредит көлемі залог құнынан артып кетейін деп тұр. Ішкі қарыз алу да мемлекетке қиындап барады. Себебі базалық ставка жоғары және Қаржы министрлігі шығаратын облигациялардың жылдық ставкасы 15%-дан төмен болса, оған бір де бір инвестор қызықпайтын жағдайға жеттік.
Сонда сарапшылар, 2022-2025 жылдары қарызға қызмет көрсету шығыстарының үлесі бюджет түсімдерінің орташа 9,8 пайызын құрайды деп болжап отыр.
Енді біз үшін Fitch позициясы аса маңызды. Ондағы расталған рейтингіміз «ВВВ», Тұрақты деңгейінде. Осы қалпымызда қалсақ, онда инвестициялық тартымдылығымызды сақтап қалуға болады. Ал егер Fitch те S&P Global Ratings пікірімен келісіп, «Тұрақты» деңгейімізді «Жағымсызға» қайта қараса, онда инвесторлардың Қазақстан нарығынан біртіндеп кете бастау қаупі бар.