Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Компанияның ұзақ және қысқармерзімді жоспары мен мақсаты туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Питер Штурм Нұр-Сұлтан қаласының темір жол вокзалына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында айтып берді.
Біз жолаушылардың қажеттілігі қандай екенін меңгере түсуге тырысамыз. Пандемия мүмкіндік берсе, Қазақстанның барлық қаласында жолаушылармен жұмыс жүргізіп, оларды пікірталас жүргізуге шақырғымыз келеді. Жолаушылар айтқан барлық өтініш ескеріледі. Қазан айының соңына дейін кез келген жолаушы жұмысқа қатысты оңтайландыру бойынша өзінің қалауы мен ұсынысын білдіре алады, - деді Питер Штурм.
Штурм айтып өткендей, бұл жұмысты бастау жаңа вагондарды сатып алудан басталмақ.
Қазіргі таңда жаңа вагондарды сатып алу бойынша тендер жарияланды. 469 жолаушылар вагоны мен 26 электр станциясының вагонын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ол вагондар қазіргі заманға және барлық халықаралық стандартқа сай болады. Осылайша, жылжымалы парктің құрамын жаңартамыз. Жеткізушілердің ұсынысы биыл қабылданады. Оларды бағалау жүзеге асырылып, келесі жылы келісімшартқа қол қойылады. Аталған вагондар «Тұлпар» зауытының негізінде құрастырылады деп жоспарлануда. Біздің мақсатымыз – жолаушылар сапар кезінде өздерін жайлы сезіну, - деді ол.
Сондай-ақ, қыркүйек айының соңына дейін классикалық парктің вагондарына дәретхананың жаңа модулін енгізу жоспарланған.
Алдағы кезеңде 564 вагонда 1128 дәретханаға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Дәретханаларды жаңғырту жаңа модуль аясында жүзеге асырылады. Жаңа вагондарда қабырға мен дәретханалар қайта салынады. Сондай-ақ, жағымсыз иістердің болмауын қамтамасыз ететін жаңа жүйе құрылады. Қазіргі таңда пандемияға қатысты жолаушылар тасымалы шектеулі болып отыр. Қазір 88 жұп пойыз қозғалыста. Оның 24-і жолаушылар пойызы, 64-і қала маңындағы тасымалды жүзеге асыратын пойыздар. Неміс темір жолдарымен кооперация аясында жолаушылар тасымалы көп шараларды жүзеге асырады, - деді ол.
Бас директор компанияның IT саласында қандай өзгерістер болатынын айтты.
Оңтайландару шаралары DB Engineering&Consulting компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Мысалы, өткен жылы техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын компаниямен келісімшарт жасалды. Жаңа келісімдер аясында биыл 4,4 млрд теңге үнемдедік. Ал келісімнің барлық кезеңінде ол 96млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, DB компаниясымен келісім өзін ақтап шықты, - деді ол.
Айта кетейік, 13 тамызда «Қазақстан темір жолы" ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының келісімі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры болып DB Engineering&Consulting Азия-Тынық мұхиты аймағының дирекциясын басқарған неміс маманы Питер Штурм тағайындалды.