Пхукетте катердің сигналдық мұнараға соқтығысуы салдарынан үш қазақстандық зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Таиландтағы Қазақстан консулдығы ақпаратына сәйкес катерде оқыс оқиға кезінде Қазақстанның 4 азаматшасы болған. Олардың үшеуіне медициналық көмек қажет болды. Дәрігерлердің қарауынан кейін екі отандасымыз ауруханада жатыр. Олардың жағдайы тұрақты. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлық медициналық шығынды катерге иелік еткен тайлық компания өз мойнына алды. Біздің консул зардап шеккендермен және жергілікті билікпен үнемі байланыста, - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Еске салсақ, Таиландтағы Пхукет аралының жағалауында катер сигналдық мұнараға соқтығысты. Апат Thanathip Marine су көлігі туристермен бірге Пхи-Пхи аралынан Чалонг шығанағына қайтып келе жатқанда болған. Жалпы 30 адам зардап шекті. Біреуі жоғалып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша катер жүргізушісі ұйықтап кеткен.