Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев хабарлады. Оның айтуынша, америкалық екпенің ақылы болуы мүмкін емес.
Біріншіден, бүгінгі таңда бізде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 10 млн-нан астам адам салдырып үлгерді. «Спутник V» екпесін 6,3 млн адам, QazVac-ты 800 мың адам, «Синофарм» екпесін 1,8 млн адам, «Синовак»-ты 250 мыңнан астам алған. Ал «Pfizer»-мен 770 мың адам егілген. Бұл вакциналардың 4-інде ДДСҰ-ның сертификаты бар, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол «Pfizer» компаниясының неліктен ақылы вакцинация үшін өнімдеріне келісім бермей отырғанын түсіндірді.
«Pfizer» компаниясы өкінішке қарай бізге ақылы вакцинацияға келісім бермей отыр. Компания рұқсат берсек, жанама алып-сатуға алып келеді деп санайды. Денсаулық сақтау министрлігі мен компанияның арасындағы келісімшарт шеңберінде жанама алып-сатуға рұқсат жоқ. Осыған байланысты біз «Pfizer»-ді ақылы салу мүмкін емес деген қорытындығы келдік. Оның үстіне, кеше ВАК мүмкіндігі шектеулі және 50 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау туралы шешім қабылдады, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 5 университеттік ауруханалар салынатыны туралы жазған болатынбыз.