Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда жатақханадағы жарылыстан зардап шеккен бойжеткен қайтыс болды.
Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы Петропавл жатақханасындағы өрттің үшінші құрбаны туралы мәлімет таратты.
Айтуынша, 21 жастағы қыз қайтыс болды. Ақ халаттылар қызды құтқарып қалу үшін реанимацияда 1 аптадан аса уақыт күрескен. Алайда қыз ауруханаға ауыр халде түскендіктен арашалап қалу мүмкін болмады.
Қыз кеше кешке қайтыс болды. Денесінің 65 пайызын күйік шалған болатын. Қазір реанимацияда ТЖ кезінде зардап шеккендерден ешкім жоқ. Екеуі облыстық ауруханада, үшеуі көпбейінді қалалық ауруханада. Барлығы бес пациент медициналық мекемелерде ем алып жатыр, - деп ведомство өкілі.
Айта кетейік, ақпанның соңында Петропавлдағы жатақхана ғимаратында өрт шыққан болатын. ТЖД алдын ала тексеріс нәтижесінде бірінші қабаттағы кафеде газ баллоны жарылған деген болжамға келді. Екі адам қаза болды, үшеуі реанимацияда жатқан. Зардап шеккендердің арасында он жасар бала да бар.
Жалпы тұрғын үйден 120 адам эвакуацияланды. Жарылыстан кейін ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.