Петропавлда жедел уәкілдер жасөспірімді қорқытып, ақша алмақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Петропавл қаласының полиция басқармасына облыс орталығының 36 жастағы тұрғыны келіп, әлдебір бейтаныс адам оның 17 жастағы ұлын қорқытып, 10 мың теңге көлемінде ақша алмақ болғанын айтып арыз жазған. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы сауда үйлерінің бірінде ақшаны алып кетіп бара жатқан жерінде 18 жастағы петропавлдықты ұстады.
Жеке тінту кезінде 10 мың теңге көлеміндегі ақша, пневматикалық тапанша, оқтар, жиналмалы пышақтың жүзі және өсімдік текстес есірткі заттарын қолдануға арналған полимерлік ыдыс тәркіленді.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір полицейлер ұсталған жігіттің осыған ұқсас басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу жүргізіліп жатыр.