Петропавлда бұралқы ит-мысық көп

16 Қаңтар 2024, 23:55
403
Бөлісу:
Петропавлда бұралқы ит-мысық көп
Фото: BAQ.KZ -архив

Петропавлда бұралқы ит пен мысық қаптады. Көше кезген иесіз жан-жануарлардан қауіптенген тұрғындар күн сайын "I KOMEK" орталығына шағымданады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Ал ветеринариялық қызмет өкілдері болса оларды аулап, чиптеумен ғана шектеледі. Былтыр бұл бағытта бюджеттен 17 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген. Бірақ, әзірге еш нәтиже болмай тұр. Петропавлда көше кезген ит-мысықтар көбейді. Көбіне жаңадан бой көтерген тұрғын үй аумағында қоқыс жағалып, жұрттың үрейін ұшырады. Бір ай бұрын қоныстанған Наталья Волкованың сөзінше бұған жеке сектордың сүріліп, үй жануарларының қараусыз қалғаны себеп. 

Біз осында жаңадан салынған көпқабатты үйде тұрамыз. Аулада ит, мысық қаптап кетті. Балаларымыздың өмірі үшін алаңдаймыз. Қорқынышты әрине. Себебі менің өзіме жақында шабуыл жасағанда әрең қашып құтылғанмын. Ал баламды мектепке жалғыз жіберіп қойып, жайбарақат жүре алмаймын. Сондықтан шұғыл шешім қабылдап, арнайы орталыққа қамау керек деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Наталья Волкова.

Ал ветеринар мамандар бұралқы ит пен мысықтың санын зарарсыздандыру арқылы ғана реттеп келеді. Яғни оның әрқайсысына құтыру ауруына қарсы вакцина салып, чиптеп көшеге қайта босатумен шектеледі. 

2023 жылы жалпы жергілікті бюджеттен ит пен мысықтарды ұстауға, зарарсыздандыруға, чиптеуге және вакцинация жүргізуге 17,1 миллион теңге бөлінді. Қаңғыбас ит, мысықтардың 300 басы ұсталып, 284 қайтадан тіршілік ететін ортаға жіберілсе, қалғаны тәлім бақтарға жөнелтілді, - деді облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Биыл Петропавл қаласының деректер базасына тағы 7 мың үй жануары енгізілді. Бұл ретте салаға жауапты мамандар үй жануарын серуендету ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Себебі былтыр полицейлер 700-ден аса адамға айыппұл салып, әкімшілік хаттама толтырған. Тәртіпті сақтамағандарға жалпы сомасы 19 миллион теңге көлемінде айппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы