Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлдың ең криминалды аудандарының бірі саналатын Жұмысшы кентінде қаңырап тұрған ғимарат полиция кеңсесіне айналды.
Фронт-офисте Жұмысшы кентімен қатар, Вокзал, Береке, Өнідістік аймақ сынды аудандарда тұратын 70 мың тұрғынға 116 маман қызмет көрсетеді.
Бұған дейін аталған полиция бөлімі 1950 жылы салынған екі қабатты көне ғимаратта орналасқан еді.
Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесінің қарамағындағы нысан, аталған компания басшылығының келісімімен Полиция департаментіне пайдалануға берілді.
Заманауи талаптарға сай жөндеуден өткен нысанда заманауи фронт-офис, кезекші бөлім, кең акт залы, қызметкерлерге арналған жұмыс кабинеттері мен асхана бар.
«Халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, фронт-офистер арқылы жүйелі жұмыс ұйымдастыру – полиция қызметінің ашықтығын көрсетуге септігін тигізеді. Қалалық бөлініс – облыстағы ең ірі бөліністердің бірі, ол қызмет көрсету сапасын арттырудың үлгісі болуы тиіс. Босаған ғимаратқа есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын орналастыруды жоспарлап отырмыз», - деді СҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов.