Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда үй карантиніне алынған азамат талапты бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы СҚО ПД баспасөз қызметі хабарлайды.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 14 наурызда Тайынша ауданының 36 жастағы тұрғыны Польшадан келген. Елордадағы әуежайда ол 14 күн үй карантинінде болуға қолхат берген. Алайда елді мекенге келген соң кәсіпкер азамат талапты бұзып, өзінің сауда орнына барған.
Аталмыш жағдайдан хабардар Киров ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы төтенше жағдай режимін бұзғандарға қолданылатын жауапкершілік жайында түсіндірген. Ауыл тұрғыны карантинді сақтауға уәде беріп, Тайынша қаласындағы көпбейінді аудандық ауруханаға барған. Бірақ ол жерде дәрігерлерден өзінің ауырмайтындығы жөнінде анықтама беруді талап еткен. Медицина қызметкерлері кәсіпкерді Чкалов елді мекеніндегі карантиндік ауруханаға орналастырып, онда 28 наурызға дейін болған.
Карантиннен шығарылғаннан кейін оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 476-бабы 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол белгілі бір мекенді, үйді, пәтерді белгілі бір уақытқа дейін тастап шыға алмайды. Заңды бұзса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Қазір осы оқиғаға байланысты жиналған іс сотқа беру үшін дайындалып жатыр. Төтенше жағдай режимін елемеудің арты адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін естен шығармау керек. СҚО-да жеке тұлғаның төтенше жағдай тәртібін бұзудың алғашқы дерегі тіркелді. Жалпы, осы күнге дейін өңір полицейлері 39 хаттама толтырды. Олардың барлығы сауда орталықтары мен көңіл көтеру орындарына қатысты, - дейді Тайынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Арғын Аманбаев.