Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл ботаникалық бағы – Қазақстан аумағында ең алғаш ашылған оранжерея.
Нысанның 110 жылдық тарихы бар. Онда лимон, банан, мандарин сынды тропикалық жемістер өсіріледі.
Қызылжар ботаникалық бағының тарихы 1912 жылдан басталады. Бастапқыда мұнда консерві зауытына қажетті дәмдеуіш шөптер өсірілген. Кейін өндірістік мақсатта ашылған нысан үлкен ботаникалық баққа айналды. Бір ғасырлық пальмалар – ұжымның басты мақтанышы.
Әр өсімдікті күтіп-баптау үшін ерекшелігін білу қажет. Кейде тіпті тыңайтқыштардың зияны тиіп кетуі мүмкін. Өсімдіктердің бойында да адам сынды түрлі гармондар барын бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Мәселен, қыста оларға өзін-өзі сақтауға бейімдейтін тыңайтқыш құйған жөн. Ал оның үстіне өсіретін тыңайтқыш салсақ, өсімдік турасын айтқанда не істерін білмей қалады. Ол да тірі организм. Сондықтан оранжерея қызметкерлері әр шыбыққа қалай күтім жасау қажеттігін үйренеді. Жасыл желекті уақытымен суарып, түбін қопсыту керек, қураған жапырақ, шыбықтарын алып тазарту да маңызды, - дейді ботаникалық бақ директоры Артур Рязапов.
Биыл ботканикалық бақта лимон мен банан жақсы өнім берді. Солтүстіктің 6 ай жалғасатын қысында жаз мезгілі мен шуақты күндерді сағынғандар осында келеді. Солардың бірі Дарья Овсянникова.
Ботаникалық бақта өсімдіктермен қатар түрлі тіршілік иелері бар. Сондықтан да бұл жер маған ұнайды. Әсіресе түрлі түске боялған тотықұстар қызық. Бірақ оларға жақынырақ барып, қолға ұстап көруге болмайтыны өкінішті. Мүмкін ботаникалық әкімшілігі оларды түрлі инфекциялардан осылай қорғамақ шығар. Осында келіп тұру – атам екеуміздің игі дәстүріміз. Келген сайын бұрын назар аудармаған өсімдікке көзім түседі. Бұрын жеміс беріп жатқан банан, лимон, мандариндерді көрген жоқпын, - дейді қала тұрғыны Дарья Овсянникова.
Ботаникалық баққа мектеп оқушылары экскурсияға жиі келеді. Мұнда оларға кіру тегін. Балалар сурет пен видеодан ғана көретін сан-алуан өсімдіктерді тірідей тамашалай алады.
Пальмалар керемет екен. Өткен ғасырда егілген. Мамандардың осынша уақыт бойы оларды күтіп-баптап отырғанына тәнтімін. Бәрін көрсін деп немерелерімді ерте келдім. Есік алдындағы бақшада жеміс-жидек өсіру оңай емес. Ал мұнда бәрі де жайқалып тұр. Оған біздің қатал климат та кедергі келтіріп тұрған жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген ағаштар бар. Кейбірінің атауын да бұрын естіп көрмеген едім. Тасбақа мен қояндар, тағы басқа тірлішік иелері де бар екен, - дейді баққа эксркурсияға келген Наталья Широбокова.
Қызылжар ботаникалық бағында қысы-жазы жасыл түске боялып тұратын 2 мыңға жуық өсімдік бар. Олардың басым бөлігін Қазақстан даласында кездестіре алмайсыз.