Оқиға 6 қазанда болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 және 11 жастағы балалар үйдегі көмір жағатын пешті пайдалану кезінде уланған. Алдын ала мәлімет бойынша, пештің түтін шығаратын мұржасы уақытылы тазаланбаған.
Балалардың басы ауырып, жүрегі айныған соң алдымен Тереңкөл аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.
Балаларды кезекші педиатр тексеріп, соматикалық бөлімге жатқызған. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі жағдайлары тұрақты.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 12 бала көміртек тотығынан уланып, медициналық көмекке жүгінген. Оның алтауы қыркүйек айында тіркелген.
Мамандар тұрғындарға пеш мұржасын уақытылы тазалап, жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.