Астана, BAQ.KZ. Азат Перуашев еліміздің қалалар мен елді мекендеріндегі көше, мекеме атауларына 750-ге жуық Алаш қайраткерлерінің есімдерін беруді ұсынды. Бұл жөнінде облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің атына тиісті хат жолданды.
Оның пікірінше, Тәуелсіздігіміздің 27 жылынан кейін мемлекет алдында отарсыздану, яғни де-коммунизация, де-советизация мақсаттарын ұлттық күн тәртібіне қоятын уақыт келді.
Хатта «Мысалы, «ақжолдық» депутаттардың сауалына берілген ресми ақпарат бойынша ел ауқымында Ленин (506 көше), Киров (54 көше), Маркс (40 көше), Крупская (28 көше), Свердлов (24 көше), Энгельс (23 көше) атындағы көшелер, мекемелер мен аймақтық атаулардың тапжылмаған күйі тұрғаны түсініксіз», - деп мәлімдейді.
Сол себепті «Ақ жол» әкімдерден аймақтар мен қалалардағы көше, мекеме атауларына еліміздің тағдырына еш қатысы жоқ адамдардың орнына, бірінші кезекте ұлт тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаштың көрнекті қайраткерлерінің есімдерін беруді ұсынып отыр.
Аталған 750-дей арыстың тізімі жасалып, тіпті, олардың қай өңірде дүниеге келгені, қандай қызмет атқарғаны да анықталды. Бұл жинақталған тізім әкімдерге жіберілді.
«Алаш арыстарын ұлықтау – ешбір басқа этносқа қарсы бағытталған бастама емес. Керісінше, біздің ойымызша, Алаш мұраты бүкіл қазақстандықтарды біріктіріп, еліміздің нағыз ұлттық идеясына айналуы тиіс», - делінген ресми хатта.