Депутат Анас Баққожаев Мәжілісте нотариус қызметтерінің құнын сынға алып, қазіргі тарифтердің әділетсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, нотариустар кейбір қызметті бірнеше минутта рәсімдегенімен, азаматтардан мыңдаған теңге талап етеді.
Біз нотариусқа барамыз, олар компьютердегі дайын шаблонды ашады, пернетақтаны бір-екі рет басады. Бірақ соған қарамастан халықтан мыңдаған теңге алады. Мысалы, көлік жүргізуге арналған сенімхаттың бағасы – 17 300 теңге. Оны рәсімдеуге небәрі 10 минут кетеді, – деді Анас Баққожаев.
Ол нотариус қызметінің бағасын аудармашылардың еңбегімен салыстырды.
Аудармашы бір парақ қағазды аударуға жарты сағат жұмсайды, бірақ оған 900 теңге ғана төленеді. Осындайда "тарифтердің әділдігі қайда?" деген сұрақ туындайды, – деді депутат.
Сондай-ақ ол ипотека бойынша мүлікті сату-сатып алу келісімшартын рәсімдеу құны 17 300 теңге екенін, ал одан жеңілірек қарапайым келісімшарттардың бағасы 51 900 теңгеге дейін жететінін айтты.
Депутат шетел азаматтарының қолтаңбасын куәландыру тарифіне де назар аударды.
Шетелден келіп, Қазақстанда бизнес ашамын деген адамды тексеру оңай жұмыс емес. Бірақ оның тарифі Қазақстан азаматтарымен бірдей, – деді ол.
Анас Баққожаевтың сөзінше, мәселе нотариус тарифтерінің ескірген жүйемен есептелуінде.
Тарифтерге экономикалық негіздеме жасалғанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде цифрландыру жүрді, электронды базалар пайда болды, нотариустардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Бірақ бағалар өзгермеді, бәрі АЕК-ке байланып қалған, – деді депутат.
Сонымен қатар ол елдегі нотариустар санына да назар аудару қажет екенін айтты.
Нотариустар тым көп сияқты. Әділет министрлігі нақты есеп жүргізіп, нотариустың қанша шығын жұмсайтынын, қандай жұмыс атқаратынын және оған қанша уақыт кететінін әділ бағалауы керек, – деп айтты Анас Баққожаев.
Бұған дейін белгілі болғандай, нотариустарға туыстарының ісін жүргізуге тыйым салынбақ.