Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Перизат Қайрат камерада ноутбук қолданып жүр ме? – ҚАЖК жауабы

16 Шілде 2025, 10:15
1577
Бөлісу:
 видеодан кадр
Фото: видеодан кадр

BAQ.KZ редакциясы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне "Перизат Қайрат камерада ноутбук қолданып жүр ме?" деген ресми сауал жолдаған болатын.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) айыпталушыда гаджеттерге қолжетімділік бар деген қауесеттерге түсініктеме берді.

Бұл жағдайға қызығушылық 9 шілдеде өткен сот отырысында Перизат Қайраттың тергеу изоляторы қызметкерлері тарапынан соққыға жығылғаны және құқықтарының бұзылғаны туралы көз жасын тыя алмай айтқан мәлімдемесінен кейін туындады. 

Кейін Астана полициясы бақылау камерасынан алынған бейнежазбаны таратты. Видеода ноутбук сөмкесіне ұқсас зат көрсетілген.

Осыған қатысты ҚАЖК түсініктеме берді.

Байланыс құралдарын, соның ішінде ноутбук пен ұялы телефонды режимдік нысандар аумағына енгізуге тыйым салынған. Видеода көрсетілген сөмке – басқа тергеудегі адамға тиесілі. Оның ішінде жеке заттар болған, техника емес, - деп жазылған ресми сауал жауабында.

Комитет келесі жайттарды да атап өтті:

  • Перизат Қайраттың әлеуметтік желілерге қолжетімділігі жоқ;
  • Мекемеде тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі;
  • Тұрақты тінту жұмыстары өтеді;
  • Айыпталушы кітапхананы пайдаланады және адвокатымен тұрақты кездесіп тұрады.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.

Өзгелердің жаңалығы