Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан атышулы сот ісінде кезекті жәбірленуші — кәсіпкер Мөлдір Сүйіншіәлі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мөлдір Сүйіншіәлінің айтуынша, 2021 жылы Instagram арқылы Перизат Қайраттың жеке шақыруымен қайырымдылық кешіне қатысып, 10 млн теңге көлемінде қаражат аударған. Бұл қаржыға кәсіпкер Геннадий Головкиннің бокс қолғабын қайырымдылық аукционында сатып алған.
Кеш 2021 жылдың қараша айында Sheraton қонақүйінің конференц-залында өткен. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар жиналған қаржы ерекше балаларға арналған "Батыр" атты оңалту орталығының құрылысына жұмсалатынын мәлімдеген.
Біз компания атынан әрдайым қайырымдылықты қолдап келдік. Сол кезде бұл жақсы бастама көрінді. Головкиннің қолғабын аукционнан 10 млн теңгеге алдық. Ақшаны ресми түрде қордың есепшотына аудардық, — деді Сүйіншіәлі.
Алайда, кәсіпкердің айтуынша, кейін бұл қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалғаны туралы ешқандай мәлімет алмаған.
Шынымды айтсам, біз құрылыс басталды ма, жоқ па – оны кейін сұраған жоқпыз. Тек жаңалықтардан бұл қаражаттың мақсатсыз пайдаланылған болуы мүмкін екенін білдік, – деді ол сотта.
Сот отырысы барысында Молдир Сүйіншіәлі 10 миллион теңге көлемінде азаматтық талап арыз түсіргенін, және ол қаражат толық қайтарылмағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта ол өз талабын толық көлемде қолдайтынын айтты.
Егер шын мәнінде орталық салынса немесе қаражат шынайы қайырымдылыққа жұмсалса – қарсылығым жоқ. Бірақ егер ақша басқа бағытқа кетсе, мен бұл соманың қайтарылуын әділетті түрде талап етіп отырмын, – деді кәсіпкер сотта.
Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.
Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық.
Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.