Жалпы отырыстан кейін депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліске ұсынылатын заң жобалары жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында балалардың құқығын қорғау бойынша бастамалар болғанын еске сала кетті.
Біз бірнеше заң жобасын дайындап, келесі немесе осы аптада Үкіметке қорытынды жасауға жібереміз. Қазір жалпы жұмыс мәресіне жетіп қалды. Соның ішінде өте маңызды нормалар бар. Біріншіден, педофилдердің өмір бойына бас бостандығынан айыру мәселесі бар. Бұдан басқа оларды тиісті зарарсыздандырудан өткізу бастамасы бар. Қазір кейбірі өтеді, кейбірі өтпейді. Мұның алдында қамалғандар бостандыққа шығатын болса, міндетті түрде зарарсыздандырудан өткізу мәселесін қарау керек деп санаймыз, - деді Аймағамбетов журналистерге берген сұқбатында.
Асхат Аймағамбетов мемлекет буллинг мәселесіне сұранысты қатайту керегін қоса кетті.
Букмекерлік кеңселер, лотоматтар бар. Тіпті бізде кейбір ауруханаларда лотоматтар тұр. Бұл масқара. Ол дүкендерде де тұр. Ол лотомат деп аталғанымен, бірақ балаларды кішкентайынан құмар ойындарға тәрбиелейтін құрал, - деп айтты депутат.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бала құқықтарын қорғайтын заң жобасын жұмысқа алғанын еске сала кетейік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап ететінін мәлімдеген болатын.