Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әлемде қауіпті індет таралып, төтенше жағдай жариялануына байланысты мектеп оқушылары IV тоқсанды қашықтықтан оқуға мәжбүр болды.
Бұл еліміздің орта білім беру саласы үшін бұған дейін ешқашан тәжірибеде болмаған тың жүйе. Негізгі салмақ ұстаздар қауымына түскені анық. "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ-ның Педагогикалық шеберлік орталығы да ұстаздардың біліктілігін арттырудың барлық бағдарламасын қайта қарастырып, бір бөлігін толығымен онлайн форматқа көшірді. Орталық директоры Жанбота Кәбдікәрімова мекеме қызметі жайында айтып берген еді.
- Педагогикалық шеберлік орталығы өз жұмысында қандай мәселеге басымдық береді?
- Ғылым мен техника қарыштап дамыған ғасырда ақпараттық-коммуникациялық технологияларсыз білім беру мен оқытуды елестету мүмкін емес. Ал мұғалім заман ағымымен бірге қадам басуға міндетті.
Біздің орталық 2012 жылдан бері арнайы курстарда педагог мамандар арасында цифрлық сауаттылықты дамытып, оның мүмкіндіктерін барынша пайдалануды жүзеге асыруды мақсатқа айналдырдық: дербес компьютердің тілін жетік меңгеріп, электронды бағалау платформасымен жұмыс істеуді үйренуге, сандық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, түрлі сабақтардың материалдарын әзірлеуге, форум, чат және блогтарда тәжірибе алмасу арқылы онлайн-коммуникацияларды дамытуға жәрдемдестік. Жүйелі түрде өз жұмысымызға ұстаздар үшін қызықты онлайн курстарды әзірлеп, тәжірибеге енгіземіз. Кәсіптік шеберлік байқаулар, апта сайын мектеп мұғалімдерін дәріс беруші ретінде тарта отырып, оқыту вебинарларын ұйымдастырамыз. Бүгінгі күні педагогтер ақпараттық-коммуникациялық технологияларды өзінің білімі мен біліктілігін арттыруға сенімді әрі белсенді түрде кіріктіре бастады. Бұл – цифрлық технологиялар педагогикалық іс-әрекеттің сипатын біртіндеп өзгертетінін түсінеді.
- Онлайн жүйеде оқытудың қандай тиімді тұстары бар?
- Бүгінгі күні орталығымыз мұғалімдердің шеберлігін арттыруға бағытталған барлық бағдарламаларды қайта қарастырып, олардың белгілі бір бөлігін толығымен онлайн форматқа көшірді. Әр сала заман талабына сай дер кезінде әрекет ете білуі қажет. Барған сайын жоғары сұранысқа ие болып келе жатқан қашықтан оқыту әдісі мұғалім мен білім алушы арасындағы қашыққа тәуелді емес. Бұл эпизодтық емес, жүйелі сипатқа ие болып отыр. Ал атқарылған жұмыстың өнімді болуы, оның жауапкершілігі білім алушыларға тікелей жүктеледі. Әр адамның білімге деген ішкі сұранысымен өлшенеді.
Қашықтан оқыту форматын тиімді пайдалану мақсатында міндетті 3 компонент қарастырылады. Видеосабақтар: телеарна, интернет және әртүрлі платформалар. Шәкірттің өздігінен ізденіп, жұмыс істеуі, берілген тапсырманы орындап, мұғаліммен кері байланысқа шығуы жғары маңызға ие. Сонымен қатар, қашықтан оқытудың маңызды тұсы, оқушы мен ата-анаға кәсіби кеңес берудің кедергісіз мүмкіндігі. Үйден оқыту белгілі бір тәртіп пен өзін-өзі реттеуді талап ететіні де шындық.
Пандемия жағдайында тәжірибеге қашықтан оқытуды енгізу – барлық орта білім беру жүйесі үшін үлкен жаңалыққа айналды. Қазіргі кезде жеті мыңнан астам мектеп тың жүйеге ауысты. Педагогтер мен ата-аналар тарапынан алаңдаушылық байқалады. Ол түсінікті. Ата-ананың басым көпшілігі балаларын үйде оқытуды ұйымдастыру және барлық пән бойынша бағдарламаны толық меңгеруді бақылау жеткіліксіз деген пікірде. Мұғалімдерге түсетін жауапкершілік те артты. Олар сабақ жоспарын әдеттегіден басқаша дайындайды, Баланың өз бетінше жұмыс істеуіне түсінікті ресурстарды таңдауға баса мән береді, жұмысты бағалауды, жеке немесе топтық кеңес өткізуді игерудің қиындықтарын уайымдайды. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ бұл біздің елде ғана туындаған мәселе емес. Онлайн оқудың екінші аптасын орталадық. Балалар да төселіп қалды.
- Осындай жағдайда Педагогикалық шеберлік орталығы ұстаздар қауымына қандай да бір көмек ұсына ала ма?
- Педагогикалық шеберлік орталығы ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдерге арналған бейнероликтер жасап шығарды. 4-ші тоқсан басталардың алдында екі апта бұрын "Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері" атты вебинарлар ұйымдастырды. Барлығы екі тілде жасалып жатыр. Мұндағы жағдайдың басты артықшылығы – аз уақыт ішінде игеріп, барлық қашықтан оқыту технологияларын енгізуді инновацияны қолдау.
Мәселен, бір сыныпта оқып жүрген балалардың оқу жылдамжығы мен білімге деген ішкі қажеттілігі әртүрлі болады. Бұл – заңдылық. Мұғалім үшін 40 минуттық сабақ арасында әрбір балаға жеке бағытталған тәсілді қолдану қиынға соғады, дегенмен оны сабақтан тыс қашықтықтан оқыту арқылы жасау мүмкіндігі мол. Бұл қабілеті жоғары оқушыға да, үлгерімі төмен балаға да жаңа материалыды игеруде қиналатын оқушы үшін де керек.
- Өзіңіз басшылық етіп отырған ұжымның атап өтуге тұрарлық жетістіктері бар ма?
Орталық педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу, оларды жүзеге асыру үшін тренерлер құрамын дайындау, мектепке дейінгі және мектеп білім беру жүйесінің басшылары мен мұғалімдер құрамын, ЖОО және колледждердің оқытушыларын, білім беру мекемелері мен бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерін оқыту және әдістемелік қолдаумен айналысады. Сонымен қатар, педагогтерге арналған әдістемелік құралдар мен халықаралық статусы бар журнал дайындауды бастадық, үлкен зерттеу жұмысы жүргізеді. Айтпақшы, соңғы екі жылда біздің орталықтың 8 бағдарламасы ACQUIN аккредиттеу, Германиядағы сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету Институтында сапаның халықаралық стандарттарына сәйкес сертификатқа ие болды. Біз білім беру саласында қол жеткізген табыстарымызды еліміздің шекарасында шектеліп қалмай, одан тыс асыруды қолға алдық. Атап айтсақ, біз екі жыл қатарынан Ресей және Түркіменстан мектептері мен колледждерінің мұғалімдерін оқытып келеміз.