Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, профессор Рамазан Сәрпеков айтты.
Конституцияның өкілеттігінің негізінде Қазақстан Республикасының Президенті – Мемлекет басшысы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайды. Бұл маңызды құжатта күрделеніп, атқаруда кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге баса назар аударылып және олардың шешу жолдарын көрсетіп, Парламентке, Үкіметке, орталық атқару органдары мен сот және құқық қорғау жүйесінің лауазымды тұлғаларына нақтылы тапсырмалар жүктеледі. Мемлекет басшысының халыққа үндеген Жолдауының іске асуы міндетті екендігін халық жете түсініп, үлкен үмітпен күтетіні белгілі, - дейді Рамазан Сәрпеков.Профессор індет салдарынан бірнеше сала ауыртпалық сезіп отырғанын айтты.
Биылғы Жолдаудың орны тіптен де ерекше. Төрткүл дүние бейбіт өмірге тосыннан енген COVID-19 кесірінен бұрын-соңды болмаған ауыр кезеңді бастан өткізуде. Кеселдің күрделі болғаны соншама, көптеген мемлекет әлі де оның құрсауынан толық шығып үлгерген жоқ. Оны жою жолында барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әлі де қарсы белсенді күрес жүргізуде. Одан тек азаматтардың денсаулығы мен өміріне ауыртпалық түсіріп қана қоймай, мыңдаған шағын, орта, ірі кәсіпкерлік, өндіріс орындары мен ауылшаруашылық саласы, білім мен денсаулық жүйесі ерекше ауыртпалық сезіп отыр. Табыс төмендеді, жеке бастарындағы әлеуметтік және қаржылық мәселелері күрделеніп кетті, - деді Сәрпеков.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы әркімнің болашаққа деген сеніміне күш-қайрат қосатын дер кезінде жария көрген өте құнды тарихи құжат болғанын айтты.
Төтенше жағдай мен карантин жарияланған сәттен бастап Үкімет тарапынан халыққа көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Билік пен халықтың түсінігінің арқасында біздің мемлекет бұл кеселдің бетін қайтарып, тиімді іс-шараларды бекітіп үлгерді. Қалай болғанда да «сақтықта қорлық жоқ» демекші, бәріне дайын болғанымыз абзал. Осы бағытта Жолдаудың мәні де ерекше. Әсіресе, өсіп-өну жолында Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаны негізгі бағыт-бағдар етіп, ел-жұрттың дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік жасап, олардың конституциялық құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп күрес жүргізуге жұмыс қарқындайтыны айтылды, - деді ол.
Рамазан Сәрпековтің сөзінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың пайдасыз қызметкерлерін қысқартып, кәсіби мамандардың жалақысын өсіру мәселесін шешетін уақыт жетті.
Ел мүддесіне қабылданатын маңызды іс-шаралар мен құжаттарды айқындайтын және қажетті реформалармен айналысатын Стратегиялық жоспарлау және реформа Агенттігінің құрылуына мол сеніммен қарауға болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың пайдасыз қызметкерлерін қысқартып, кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілігі мол, адал және жемқорлыққа қарсы тұра алатын мамандарды қалдырып, олардың еңбек ақысын еселеп өсіру мәселесін шешетін уақыт жетті, - деді ол.
Сонымен қатар Жолдауда экология мәселесі, әсіресе, табиғатты қорғау жұмыстарына жас жеткіншектерді тартуға бағытталған тапсырма бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі.
Азаматтардың құқықтарын қорғау органдары мен сот жүйесіне талапты күшейту тапсырмасы іске асса, азаматтар әурешілікке түспей, әділдікке заң жүзінде қол жеткізетін болса, мемлекетке және заңға деген сенім артатыны сөзсіз, - деді профессор.